Ақтауда инкассатор банктен 10 млн теңге ұрлап, артынша өз-өзіне қол жұмсады. Қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған деректі растады.
Оқиға Ақтау қаласындағы 14-шағын ауданда орналасқан Halykbank ғимаратында болған. Инкассатор болып жұмыс істейтін 1981 жылы туған азамат 10 миллион теңгені ұрлаған. Кейін ол ғимараттың жертөлесіне жасырынып, табельдік қарумен басына оқ атады. 1 шілдеде болған оқиға WhatsApp желісінде тарады. Бірқатар бұқаралық ақпарат құралында жарияланған ақпаратты қалалық полиция да растады.
«Тергеу жүргізіліп жатыр. Ұрлық және өзін-өзі өлтіруге итермелеу дерегі бойынша Ақтау қалалық полиция басқармасы қылмыстық істі тіркеді. Тергеу мүддесі үшін өзге де мәліметтер жария етілмеді», – деп хабарлады ведомство.
Еске салсақ, Түркістан облысының Жетісай аудандық білім бөлімінің 40-тан астам қызметкері 4 миллиард теңгені жымқырды деген күдікке ілінген еді. Олардың қатарында аудандық білім бөлімінің бухгалтерлері мен басшылығы бар. Тергеушілердің айтуынша, басшылық пен есепшілер өздерінің, сондай-ақ туыстары мен жақындарының есепшоттарына белгіленген жалақыдан артық ақша аударған.