Елімізде сұйытылған газ бағасы қымбаттады. Өңірлерде 1 литр сұйытылған газ бағасы қанша болады?

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Енді сұйытылған мұнай газының тоннасына көтерме сауданың шекті бағасы 45 158 теңгені құрайды / Коллаж: архив kursiv.media

Елімізде 1 шілдеден бастап сұйытылған газ бағасы көтерілді. Энергетика министрінің бұйрығына сәйкес, ҚР газ толтыру станциялары үшін сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің шекті бағасына өзгерістер енгізілді.

Сондай-ақ сұйытылған газды көтерме саудада өткізудің ішкі нарықтағы шекті бағасы бекітілді. Енді сұйытылған мұнай газының тоннасына көтерме сауданың шекті бағасы 45 158 теңгені құрайды. Бұрын ол 40 320 теңге болатын.

Көтерме бағаның көтерілуіне байланысты автокөлік газының құны да өсті. Мәселен, Астана, Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Абай, Жетісу,Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстарында литріне 84 теңге (бұрын 76 теңге болды);

Алматы, Алматы облысы, СҚО – 89 теңге (бұрын 81 теңге болды);

Шымкент, БҚО, Қызылорда облысында – 70 теңге (бұрын 64 теңге болды);

Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарында – 59 теңге ( бұрын 54 теңге болды);

 Жамбыл облысы – 78 теңге (71 теңге болды);

Павлодар облысы – 81 теңге (74 теңге болды);

Түркістан облысы – 70 теңге (64 теңге болды).

Министрлік бұған дейін сұйытылған газдың қымбаттауына бірнеше себеп барын айтқан болатын. Біріншіден, қазір сұйытылған мұнай газының бағасы оны өндірудің өзіндік құнынан әлдеқайда төмен. Осылайша СМГ өндірісінің өзіндік құны тоннасына 60 мыңнан 70 мың теңгеге дейін өзгереді. Ал өңдеуші зауыттар үшін қолданыстағы шекті көтерме баға тоннасына 40 320 теңгені құрайды. Осылайша өндірілген әрбір тонна газдан зауыттар 20-30 мың теңге көлемінде шығынға ұшырайды.

Екіншіден. Жылдан-жылға СМГ-ны тұтыну күрт өсіп барады. Былтыр Қазақстанда газ тұтыну 2022 жылмен салыстырғанда 400 мың тоннаға немесе 28%-ға өсті. Мәселен, 2023 жылы СМГ тұтыну көлемі 2,2 млн тоннаны құрады (2022 жылы 1,8 млн тонна).

Үшіншіден. СМГ бағаны одан әрі тежеген жағдайда қазақстандық өндіруші зауыттарда ішкі нарықтағы сұранысты қанағаттандыру үшін өндіріс көлемін ұлғайту мүмкіндігі болмайды. Залалдылықтың салдарынан зауыттар тиімдірек өнімге ауыса отырып, СМГ өндірісіне қызығушылығын жоғалтуда. Осындай себептерге байланысты инвесторлар да салаға инвестиция салғысы келмейді.

Төртіншіден. Қазақстандағы СМГ бағасы төмен. Аймақтар бойынша алып қарайтын болсақ, оның бағасы 54-тен 86 теңгеге дейінгі аралықта. Салыстырмалы түрде қарасақ, Ресейде бір литр газдың бағасы 132 теңге, Әзірбайжанда – 171 теңге, Тәжікстанда – 273 теңге.

Сарапшылардың болжамынша, 2024 жылы ішкі нарықта тұтыну көлемі тағы 200 мың тоннаға артып, 2,4 млн тоннаны құрайды. Бұл жағдайда газ тапшылығы 30-40%-ды құрауы мүмкін.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев елімізде сұйытылған газ қымбаттайтынын былтыр қарашада айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз