Арнайы жұмыс киімін шығаратын Lakeland Industries компаниясының акция бағасы 2 шілде күні 6%-дан аса қымбаттады. Компания Германиядағы бәсекелесі LHD Group Deutschland-ты және оның Гонконг пен Аустралиядағы еншілес компанияларын сатып алғанын хабарлады.
Толығырақ
Lakeland акциялары сейсенбі, 2 шілдеде, Nasdaq-та 6,26% – ға қымбаттап, бір қағаздың бағасы 22,39 долларға дейін көтерілді.
Сейсенбіде компания өрт сөндіру және құтқару бизнесімен айналысатын германиялық LHD Group Deutschland компаниясы мен оның Гонконг пен Аустралиядағы еншілес кәсіпорындарын сатып алғанын хабарлады. LHD сайтында 1 шілдеден бастап оның жалғыз иесі Lakeland екені жазылған.
Мәміленің құны шамамен 16,3 млн доллар болған. Осы қадамның арқасында Lakeland компаниясының бұдан былай Германия мен Аустралиядағы тұтынушыларға қызмет көрсету аясы кеңиді. Өйткені бұл әлемдегі өртке қарсы күресетін ең ірі үш нарықтың екеуі дейді сатып алушының өзі.
Компаниялар жайлы мәлімет
Lakeland қорғаныс киімдерін, аксессуарларын өндіреді және әлемнің 50 елінде жеке сату бөлімдері мен 2000-нан астам дистрибьюторлары бар. Оны сатып алушылар – мұнай, химия, автомобиль, көлік, болат өнеркәсібі, фармацевтика және жоғары технологиялық өндіріс саласындағы кәсіпорындар және зертханалар мен коммуналдық қызмет орындары. Сондай-ақ оның өнімдерін өрт сөндіру және құтқару қызметтері, құқық қорғау органдары, АҚШ Қорғаныс Министрлігі мен науқастарды бақылау орталықтары пайдаланады. Lakeland-тың 2024 қаржы жылындағы (31 қаңтарда аяқталған) таза кірісі 124,7 миллион доллар болды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10,5%-ға көбірек.
LHD өрт сөндірушілерге арналған киім-кешек пен өрт сөндіру құралдарын жеткізеді, оның жылдық табысы шамамен 27 миллион доллар деп атап өтті Lakeland. Бұл мәміле Lakeland-қа география аясын кеңейтіп, жаңа сегментке шығуына мүмкіндік береді. Мысалы, LHD-дің қорғаныс киіміне қызмет көрсететін арнайы LHD Care бөлімі бар. Ол кір жуу, жөндеу және үлгі жасау қызметін ұсынады. Бұл Lakeland кеңейтуді жоспарлап отырған тартымды әрі тұрақты табыс көзі. LHD өрт сөндіру және құтқару саласының киімінен бөлек, арнайы жабдықтар мен техникалық құралдарды да шығарады.
LHD Group-ты сатып алудың арқасында Lakeland-тың 2025 қаржы жылындағы кірісі 160–170 млн долларға жетуі мүмкін. Ал бұған дейінгі болжамды кіріс мөлшері 140–150 млн доллар болған.
Сарапшылар не дейді?
Соңғы 12 айда Lakeland котировкасы 56%-ға жуық өсті. MarketWatch мәліметтері бойынша, компанияның қағаздарын екі талдаушы бақылайды. Олар компания акцияларын сатып алуды ұсынады, орташа мақсатты баға – 26 доллар. Бұл 2 шілдеде сауданың жабылуына қарай бағаның 16%-ға өсуі мүмкін екенін көрсетеді. Simply Wall st сарапшылары Lakelake акцияларының бағасын әділ деп атады: 34,46 доллар – бұл қағаздардың ағымдағы бағасынан 50%-ға артық.