Жаңалықтар

Shell болашақта биоотын өндіретін Еуропадағы зауытының құрылысын тоқтатты

Shell-дің Роттердамдағы биоотын өндіретін зауыты Еуропадағы ең ірі зауыттардың бірі болуға тиіс еді / Фото: Reuters/Suzanne Plunkett

Shell энергетика компаниясы биоотынға көшу жөніндегі ірі жобасының бірін тоқтатқанын хабарлады.

Сұраныс аз болғандықтан, компания Роттердамдағы ірі зауыттың құрылысын тоқтатып қойды. Бұл зауыт қалдықтарды авиаотынға және биодизельге айналдыруы тиіс болатын. Shell-дің бұл шешімі компанияның акция бағасына әсер ете қойған жоқ.

Толығырақ

Еуропалық және әлемдік нарықта сұраныстың азаюына байланысты, Shell Роттердамдағы биоотын жасайтын зауытының құрылысын тоқтатты. Британиялық энергия алпауыты өзінің голландиялық еншілес кәсіпорны Shell Energy and Chemicals Park жобасына құнсыздануға қатысты арнайы тексеріс жүргізетінін мәлімдеді. Сонымен қатар жұма күні компания екінші тоқсанға есебін жариялап, толығырақ ақпарат береді деп хабарлады The Wall Street Journal.

Компанияның айтуынша, құрылысты тоқтату нысандағы мердігерлерді азайтып, жұмыс қарқынын бәсеңдетеді. Соның арқасында шығынды бақылау да ыңғайлы болмақ.

Роттердамдағы зауыт Еуропадағы ең ірі зауыттардың бірі болуға тиіс еді. Ол экологиялық таза авиаотын мен жаңартылатын биодизельді қоса алғанда, жылына 820 мың тонна биоотын өндіреді деп жоспарланған еді.

Бірақ 2021 жылы бастау алған жоба қазірден-ақ уақыт кестесінен кешіге бастады деп жазады Financial Times. Бастапқы жоспар бойынша, кәсіпорындағы өндіріс жұмыстары сәуірде басталуы тиіс еді. Ал биыл Shell өзінің жаңа зауыты тек «осы онжылдықтың екінші жартысында ғана» іске қосылатынын хабарлады.

Контекст

Еуропадағы биоотын нарығы ұсыныстың көптігінен өткен жылдың екінші жартысынан бастап әлсірей бастады деп жазады FT. Компаниялар сұраныс жеткілікті деңгейде өспей жатып, биоотын өндірісін бастап кетті.

Биоотын нарығындағы көшбасшылардың бірі фин компаниясы Neste-дің акциялары биыл екі есе арзандады. Компанияның мамырда ұсынған болжамы бойынша, жаңартылатын отыннан түсетін табысының мөлшері азайған. Shell-дің бәсекелесі – BP де АҚШ пен Германиядағы мұнай өңдейтін зауыттарға биоотынға арнап инвестиция салуды тоқтатты.

Shell баламалы энергия көздеріне көшу жайлы уәдесінен айнып, енді табысы көп мұнай-газ активіне ден қоймақ. Компания жел энергетикасы жобасындағы үлесін сатып, АҚШ-тағы сутегі өндіру жөніндегі жобалардан бас тартты. Сонымен бірге электр энергиясын өндіретін еуропалық кәсіпорындардан құтылып, өзінің Сингапурдағы мұнай өңдейтін және мұнай-химия активтерін де сатып жіберді. Есесіне, мұнай мен сұйылтылған табиғи газ секторындағы позициясын нығайта түсті деп жазады WSJ.

Дегенмен Shell 2050 жылға қарай ауаға зиянды қалдық шығаруды нөлге жеткізу туралы бастапқы мақсатынан бас тартпағанын айтады. Сол себепті төмен көміртекті отын өндіру – әлі де оның стратегиясының айнымас бөлігі.

Акция жайы

Жобаны тоқтату жайлы жаңалық Shell акцияларын толқыта қойған жоқ. Сейсенбі күнгі Лондондағы саудада компания қағаздары 0,42%-ға, ал Нью-Йоркте 0,23%-ға қымбаттады.

Жалпы, жыл басынан бері Shell акцияларының бағасы 10,66%-ға көтерілген. FactSet мәліметтері бойынша, компанияның қағаздарын қадағалап отырған 27 сарапшының 21-і сатып алуды ұсынса, алтауы сатып алған акцияларды портфельде ұстай туру керек деп санайды. Ал сату жөнінде ешқандай ұсыныс болған жоқ.