Алматыға туристерді тамаша табиғаты мен асқақ таулары тартады. Одан бөлек, белсенді өмір салты қызықтырады. Туристер Алматыда сан алуан тағамнан дәм татып, базарларында сауда жасағанды жөн көреді. Алматы қаласы әкімдігінің хабарлауынша, қалаға туристердің жаһандық қанағаттану индексі (GTPI)9,8% артып, 76,61-ге жеткен.
«Туристік ерекшеліктеді талдау олардың көпшілігі Алматыға таулар мен табиғат үшін келетіндігін көрсетеді (43%). Өнер екінші орында (21%), белсенді өмір салты – 17%. Азық-түлік пен сауда сәйкесінше 5% және 3%-ды құрайды», – делінген әкімдік хабарламасында,
2024 жылдың қаңтар-сәуір айларында Алматыға билет брондау 69 мыңға дейін өскен. Бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 53,1%-ға артық. Туристердің көпшілігі жалғыз немесе екеу болып сяхаттайды. Қаладан 4-7 күн қыдырады. Брондау статистикасына сүйенсек, Түркиядан келгендер 24,3 мың (+32,5%), одан кейін Оңтүстік Корея мен БАӘ туристері көш бастап тұр.
Алматы бағытына билет іздеу Үндістан, Қытай және Түркия елдерінен байқалады. Mastercard мәліметі бойынша, белсенді түрде билет іздеу әрбір миллион тұрғынға 526 адамнан келеді. Бұл былтырғы жылдан 172 адамға көп, ал билет іздеу саяхатқа дейін 84 күн бұрын басталады.
Қазақстанның курорттық аймақтары 2024 жылдың қаңтар-наурыз айларында 766,6 мың адамға қызмет көрсеткен. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 63,1 мың адамға артық.
Осы кезеңдегі ең танымал курорттық аймақ – Алматы тау кластері болған. Үш айда оған 551,9 мың адам келген. Екінші орын Щучье-Бурабай курорттық аймағына тиесілі. Бұл аймақта 69,1 мың адам демалған. Ал ең тамал курорттардың үштігін Маңғыстау курорттық аймағы түйіндейді. І тоқсанда бұл аймақтағы қонақүйлерге 57,5 мың келуші тоқтаған.