Жаңалықтар

Жыл басынан бері әлемдік нарықтағы алтын бағасы 12 пайыз қымбаттады

Алтын бағасының қымбаттауына әсер еткен факторлар аталды. Фото shutterstock.com

2024 жылдың алты айында әлемдік нарықтағы алтын бағасы былтырғы жартыжылдықпен салыстырғанда 12 пайыз қымбаттаған. Екінші тоқсанда негізінен унциясына 2300 доллардан жоғары саудаланды. Бұл өз кезегінде алтын-валюта қорларының екі таңбалы табыс алуына себеп болған.

«Алтын 2024 жылы өте жақсы нәтиже көрсетті, өткен жылмен салыстырғанда 12% өсіп, негізгі активтердің көпшілігінен асып түсті», – деп жазады Дүниежүзілік алтын кеңесі (WGC).

Алтын бағасының қымбаттауын кеңес орталық банктер және азиялық инвесторлардың белсенділігімен байланыстырады. Сонымен қатар «тұрақты геосаяси белгісіздік» те әсер еткен.

«Геосаяси тәуекелді болжау өте қиын және күтпеген жерден орын алуы мүмкін. Дегенмен алтынның геосаясатқа жауап беретіні де шындық. Алтын геосаяси тәуекелдер индексінің (GPR) әрбір 100 тармағына 2,5% қосады (бұл индекс жаһандық геосаяси қауіп-қатерлер мен тұрақсыздық деңгейін, атап өту жиілігін талдау негізінде өлшейді), – деп жазылған ұйым есебінде.

Алайда WGC орталық банктер тарапынан туындаған сұранысты бағалы металдың қымбаттауына әсер еткен негізгі фактор санайды. Кеңес мәліметі бойынша, сұраныстың баға өсіміне қосқан үлесі 2023 жылы кемінде 10% болса, ал биыл шамамен 5% деңгейінде қалыптасқан.

Қазір Қазақстанда 1 грамм алтын 35 562, 71 теңгеден саудаланып жатыр. 1 унция алтында 31,1 грамм бар. Яғни ұлттық валютада 1 унция алтынның құны 1 106 мың теңгеден асады.

Bank of America сарапшысы алдағы 12−18 ай ішінде алтын бағасы 3000 долларға дейін өсуі мүмкін деп болжап отыр. Осылай деп болжауға ФРЖ мөлшерлемелерді төмендетуі мүмкін деген тұжырымдар мен геосаяси шиеленістер себеп.

BofA мәліметі бойынша, 2023 жылы инвесторлардың алтынға деген сұранысы айтарлықтай өскен. Сатып алғандардың 49%-ы − құйма жинап, жеке қорларын толықтырғандар, 43% − орталық банктер. Сонымен қатар SPDR Gold Trust сынды физикалық тұрғыда қамтамасыз етілген ETF активтерінің қысқаруы салдарынан жалпы сұраныстың өсуі баяулады.

Дүниежүзілік алтын кеңесінің (WGC) орталық банктер туралы соңғы шолуында монетарлық өкілетті органдардың бағалы металға деген «тәбетінің» қайтпағаны айтылған. Реттеуші органдар 2023 жылы 1037 тонна алтын сатып алған (тарихтағы екінші ең үлкен жылдық сатып алу). Ең жоғарғы көрсеткіш 2022 жылы болған: 1082 тонна сатып алынған.

Орталық банктер арасында жүргізілген сауалнамаға сенсек, олардың 29%-ы келесі жылы алтын қорын ұлғайтуды жоспарлап отыр (бұл – осындай сауалнамалар басталған 2018 жылдан бергі ең жоғарғы көрсеткіш). Реттеушілердің 83%-ы алтынды халықаралық резервінің бір бөлігі ретінде ұстайды. Ал 88%-ы оны ұзақмерзімді жинақтау әрі инфляциядан сақтану құралы деп атайды