Иран кәсіпкерлері Қазақстанға егіс алқаптарын суғаруда қолданылатын заманауи технологияларын бермек

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
иран
Иран кәсіпкерлері суғару технологияларын бермек. Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі, бильд-редактор: Денис Андреев

Иран кәсіпкерлері Қазақстанға жерасты суларын пайдаланатын заманауи суару жүйелерін, сондай-ақ суды өсімдік тамырына тікелей жеткізетін тамшылатып суару автоматты қондырғыларын ұсынуға дайын. Бұл турады Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады.

Министр Нұржан Нұржігітов Иранның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әли Акбар Джоукармен кездесіп, егіс алқаптарын суаруға су шығынын азайту мәселесін талқылаған.

Осы технологиялардың нәтижесінде Иран күріш өсіруге жұмсалатын су шығынын едәуір азайтып, өнімділікті арттырған.

«Бүгінде біз су қоймалары мен басқа да су шаруашылығы құрылыстарын салу және реконструкциялау бойынша ауқымды жұмысты бастадық. Иран компанияларының осы бағытта үлкен тәжірибесі бар, тиімді технологияларды дамытуда. Олардың кейбірі елімізде жұмыс істеуде. Атап айтқанда, Жамбыл және Түркістан облыстарында ирригациялық желілерді қайта жаңғырту жұмысы белсенді жүріп жатыр. Сондықтан ирандық кәсіпкерлерді су инфрақұрылымын салу мен жөндеуге арналған конкурстарға қатысу үшін елімізге шақырғым келеді», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Қазақстандағы су тапшылығы

Былтыр Қырғызстаннан жеткілікті мөлшерде су берілмегендіктен, Қазақстан 560 гектар егінінен айырылды. Жыл басында Қырғыз мемлекетінің басшысы Садыр Жапаров Қырғызстан көршілеріне қанша су қажет болса, сонша береді деп мәлімдеді. Сол үшін Қырғызстанда суармалы су тапшылығын шешу үшін жаңа тәуліктік және онкүндік реттеуші бассейндер салынады.

Ал биыл Қырғызстан Қазақстанға жіберетін су көлемін ұлғайтатыны белгілі болды. Жалпы 560 миллион текше метр су жібермек. Қос тарап Шу-Талас су шаруашылығы комиссиясының 33-отырысында осындай келісім жасаған. Суару маусымында елімізге Шу өзені арқылы 180 млн текше метр және Талас өзенімен 380 млн текше метр су келеді.

Осыған дейін Қазақстан мен Өзбекстанның су ведомстволары елімізге «Достық» мемлекетаралық каналы арқылы 922 млн текше метр су беру жөнінде келісімге келді.

Қазақстанда 280 мың гектар аумақта ылғал үнемдеу технологиясы қолданылады. Оның 60 мың гектары Жамбыл облысында орналасқан.

Сондай-ақ оқыңыз