Жаңалықтар

Қайрат Боранбаевтың әйелі Esentai Tower бизнес орталығы маңындағы мүлкін бөліп алуды қалаған: сот рұқсат бермеді

Қайрат Боранбаевтың әйелі күйеуін сотқа берді / коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Алматы қаласы Медеу аудандық соты Қайрат Боранбаевқа тиесілі болған Esentai Tower бизнес орталығы маңындағы мүліктің жартысын оның жұбайы Шолпан Боранбаеваның бөліп алуына рұқсат бермеді. Бұл жылжымайтын мүлікті 2023 жылы Боранбаевтан мемлекет тәркілеген.

Шолпан Боранбаева Алматыдағы Әл–Фараби даңғылы 77/7, корпус 1 мекенжайында орналасқан мүлкін бөліп алу туралы Қайрат Боранбаевтың үстінен сотқа шағымданған. Желідегі карта мәліметтеріне сүйенсек, бұл мекенжайда Esentai Tower бизнес орталығы мен Esentai Mall сауда орталығының арасында орналасқан 2 қабатты ғимарат тұр. Онда екі мейрамхана бар: Tor және Cafeteria. БАҚ ақпаратына сүйенсек, бұл ғимараттың құны – 686 млн теңге.

2Gis

Алайда істі сот талқылауына дайындау барысында «Алматы қаласының мемлекеттік активтер басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі азаматтық іске прокурордың қатысуын сұраған. Себебі мүлік 2023 жылы мемлекет меншігіне өткен. Прокурор мемлекеттік мүддені қорғау үшін азаматтық іске қатысқан.

«Сот 2023 жылғы 15 қыркүйектегі заңды күшіне енген Астана қаласы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының апелляциялық үкімімен даулы мүліктің мемлекет кірісіне тәркіленгенін анықтады», – делінген сот кабинетіндегі мүлікті тәркілеу туралы құжатта.

Тәркіленген мүлікке қатысты 2024 жылы 1 шілдеде болған сот отырысында Алматы қаласы Медеу аудандық соты Шолпан Боранбаеваның өтініші бойынша мүлікті бөлу талабын қанағаттандырмады.

«Шолпан Боранбаеваның Қайрат Боранбаевқа қатысты ерлі–зайыптылардың ортақ мүлкінің 50% бөлу туралы талабын қанағаттандырудан бас тартылсын», – делінген сот шешімінде. 

2023 жылдың 31 наурызында Астана қалалық соты Боранбаевтың меншігіндегі Алматы қаласы әл-Фараби көшесінде орналасқан жылжымайтын мүлік пен жер учаскесі, «Қазақстан Халық банкі» АҚ шотындағы 1 млрд 270 млн 196 мың теңге және «Қазақстан Халық банкі» АҚ-ның екі шотындағы 2 млрд 847 млн 877 теңге мемлекет кірісіне тәркілеу туралы шешім шығарған. Қайрат Боранбаев «АзияГазЧунджа» ЖШС мен «QazaqGaz» ҰК» АҚ арасында келісімі ісіне қатысты кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айырған.

2023 жылдың 6 қарашасында Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі Қайрат Боранбаевтың бостандыққа шыққаны туралы ақпарат таратты.