Қазақ-өзбек шекарасында контрабандалық дәрі тасуға арналған 310 метрлік туннель табылды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Қазақ-өзбек шекарасында 310 метрлік туннель табылды / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында контрабандалық дәрі-дәрмекті тасымалдауға арналған 310 метрлік туннель табылды. Бұл туралы Өзбекстан Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі хабарлады.

Қауіпсіздік қызметінің хабарлауынша, шекара қызметімен және «Ташкент-Аэро» мамандандырылған кеден кешенінің қызметкерлерімен бірлесіп, Өзбекстанға Қазақстан арқылы Үндістаннан заңсыз дәрілік заттарды тасымалдап келген трансшекаралық қылмыстық топтың қызметін анықтаған.

«Дели–Алматы» рейсімен дәрі-дәрмектер партиясы Қазақстанға жеткізіліп, осыдан кейін контрабанда Қазақстанның Түркістан облысы Сарыағаш ауданынан Өзбекстанның Ташкент облысы Ташкент ауданына туннель арқылы тасымалданған», – делінген хабарламада.

Құқық қорғау органдары қылмыстық топ мүшелерінен Үндістанда өндірілген Альбумин, Ремдесивир, Меропенем сияқты 17 048 препаратты тәркіледі.

Ұзындығы 310 метрлік туннель желдету жүйесімен жабдықталған, контрабандистер жүктерді арбамен тасымалдаған.

Өзбекстанда Қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер қамауға алынған.

Сондай-ақ наурыз айында Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері жедел іс-шаралар барысында жүктер мен адамдарды заңсыз тасымалдау үшін пайдаланылған туннельді анықтаған.

Сондай-ақ оқыңыз