Сот Қазақстанның БАӘ-дегі елшісінің бұрынғы кеңесшісі Сәкен Мамашқа қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің редакторы
Сәкен Мамашқа қатысты үкім өзгеріссіз қалды / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Біріккен Араб әмірліктеріндегі Қазақстан елшісінің бұрынғы кеңесшісі Сәкен Мамашқа қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалатын болды.

Мамаш сот қаулысына қатысты апелляциялық шағым түсірген. Астана қалалық апелляциялық соты әйелі Каринаның әпкесіне күш көрсеткен дипломатқа қатысты бірінші инстанцияның шешімін өзгеріссіз қалдырды. Бұрынғы дипломат адам денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін 15 тәулікке қамауға алынды. 

«Апелляция Сәкен Мамашты қамауға алу тұралы бірінші сатыдағы соттың қаулысын өзгеріссіз қалдырды», — деді жәбірленуші тараптың адвокаты Бибінұр Мұратова.

Айта кетейік, 28 маусымда Астана соты Сәкен Мамашты адам денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін 15 тәулік қамауға алу жазасын тағайындаған. Іс материалдарынан отбасылық жанжал кезінде ол жұбайы Каринаның әпкесі — Әселге күш қолданғаны туралы жазылған.

Дипломаттың әйелі 10 жыл бойы күйеуінен қорлық көргенін айтып, мемлекеттен көмек сұрап видео жариялады. Оның айтуынша, күйеуі – Қазақстанның БАӘ-дегі төтенше және өкілетті елшісінің кеңесшісі болып қызмет еткен. 

СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров Қазақстанның БАӘ-дегі елшісі кеңесшісінің әйелі жасаған мәлімдемеге қатысты түсініктеме берді. Ол Қазақстан елшісі кеңесшісінің ісімен құқық қорғау органдары айналысатынын мәлімдеп, Сәкен Мамаштың шұғыл түрде елге қайтарылатынын айтты.

10 мамырда зорлық-зомбылық жасады деген күдікпен қазақстандық дипломат Сәкен Мамаштың үстінен қылмыстық іс қозғалды

Сондай-ақ оқыңыз