Қазақстан мен Қытай коммерциялық тұрғыда бір-бірінің ғарыш айлағын пайдалану мүмкіндігін қарастырмақ

Жарияланды (жаңартылды )
Протон-М
Қытай – ғарыш саласындағы алпауыттардың бірі / Фото: kursiv.media

Қазақстан мен Қытай коммерциялық тұрғыда бір-бірінің ғарыш айлағын пайдалану мүмкіндігін қарастырмақ. Тоқаев пен Си Цзиньпин Астанадағы іскерлік кездесуде осы мәселені де талқылаған.

Екі ел ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта пайдалану, айды игеру, қашықтықтан зондтау деректерін қабылдау және алмасу мақсатында келісім жасады.

Қытай – ғарыш саласындағы алпауыттардың бірі. Ақпарат құралдары биыл Бейжің 100-ге тарта жер серігін ұшыруды жоспарлап отырғанын жазды.

Аспан асты елі жаңалықтар ашуға құмар. 2 маусымда  «Чаниэ-6» кемесі Айдың қараңғы бөлігіне жетіп, айдың беткі топырағын ғалымдарға жеткізді.

Көрші ел Вэнчан қаласында халықаралық коммерциялық ұшырулар үшін алғашқы ғарыш айлағын іске қосты. Ал Қазақстан ғарыш жобалары үшін хаб құруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар өз ғарыш спутниктерін шетелге сатпақ.

ҚР Үкіметі қазір ғарыш саласын қаржыландырудың жаңа тәсілі ретінде инвестициялық қор ашу мүмкіндігін қарастырып жатыр. 2023-2024 жылдарға ғылыми бағдарламаны іске асыруға 908,8 млн теңге бөлінген. Ал 2025-2027 жылдары ғарыштық зымыран кешенін құру үшін технологияларды әзірлеуге 2,8 млрд теңге бөлу туралы бюджетке өтініш жіберілген.

Мемлекеттердің басшылары келіссөздерінен кейін құжаттар топтамасы қабылданды. Сауда министрлігі Қазақстан мен Қытай құны 565 млн доллар коммерциялық келісімшарттарға қол қойғанын хабарлады.

Қытай Қазақстанның БРИКС ынтымақтастық механизміне қосылуын қолдайды деп мәлімдеді ҚХР төрағасы Си Цзиньпин. БРИКС – бес мемлекеттен тұратын топ. Оған Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка Республикасы мүше.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин бірлескен мәлімдесінде 2025 жылы Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы өтеді деп белгіленгені айтылды. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин екі елдің астаналарында Қазақстан мен Қытайдың мәдени орталықтары ашылғанын мәлімдеді. Сондай-ақ Қазақстанда Бейжің тіл және мәдениет университетінің филиалын ашу мәселесіне де тоқталды.

Сондай-ақ оқыңыз