Жаңалықтар

Хатрас қаласындағы діни мереке кезінде 100-ден астам адам мерт болды: Тоқаев Үндістанның Премьер-министріне көңіл айтты

Хатрас қаласындағы діни мереке кезінде 100-ден астам адам мерт болды / фото: pxhere

Қасым-Жомарт Тоқаев Уттар-Прадеш штатының Хатрас қаласында болған қайғылы оқиғаға байланысты Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модиге көңіл айтты.

– Уттар-Прадеш штатында өткен діни жиын кезінде көптеген адамның бастырылып, қайтыс болғаны туралы қайғылы хабарды терең күйзеліспен қабылдадым. Қазақстан халқының және өз атымнан қаза тапқан азаматтардың отбасыларына көңіл айтамын. Сондай-ақ зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін, – деп жазылған жеделхатта.

Үндістанның орталық бөлігіндегі Уттар-Прадеш штатындағы Хатрас қаласында діни іс-шара кезіндегі жанжал салдарынан 107 адам қаза тапты. Мерекелік шара кезінде тұрғындар діни көсем Бхол Бабтың соңынан еруге тырысқан. Содан дүрбелең туып, жүзден астам адам мерт болды. Оқиға орнына дәрігерлер, полиция қызметкерлері, құтқарушылар келіп жеткен. Уттар-Прадеш штатының министрі осыған байланысты тергеу жүргізілетінін мәлімдеді.

Айта кетейік, Астана қаласында ШЫҰ саммиті өтіп жатыр. Бұл ұйымға Үндістан да мүше. Саммитке қатысуға мемлекеттерден делегациялар келді.