«Ресей мен Қазақстанның тауар айналымы 30 миллиард долларға жетті» – Путин Қазақстанды сенімді серіктес деп санайды
Ресей Федерациясы Президенті Владимир Путин ШЫҰ саммитіне қатысуға шақырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Қазақстан осы маңызды іс-шараның дайындығына айтарлықтай күш салғанын жеткізді.
«Саммит, шын мәнінде, мазмұны жағынан халықаралық сипатқа ие. Елдеріміздің бірқатар халықаралық ұйымға төрағалық етіп отырғанын атап өткім келеді. Қазақстан ШЫҰ мен ҰҚШҰ-ға, ал Ресей БРИКС пен ТМД-ға төраға болып отыр. Сондықтан бір-бірімізді қолдап, көмектесеміз. Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырғаныңыз үшін алғыс айтамын», – деді Путин.
Көрші мемлекет басшысы екі елдің арасындағы тауар айналымы жоғары екенін атап өтті. Путин өзара қарым-қатынас нығая түсетінін айтты.
«Әлбетте, мұны ҰҚШҰ саммитіне орайластырған тиімдірек болар еді. Екіжақты қарым-қатынасымызға келер болсақ, сіздермен үнемі байланыстамыз. Елдеріміз арасындағы тауар айналымы артып, шамамен 30 миллиард долларға жетті. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Ресей Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі болып қала береді», – деді Ресей Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинді биыл күзде елімізге тағы да мемлекеттік сапармен келуге, сонымен бірге ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысына қатысуға шақырды.
«ШЫҰ халықаралық аренада лайықты беделге ие болды. Менің ойымша, бұл – ең табысты халықаралық ұйымдардың бірі. Сонымен қатар бұл – демократиялық сипаттағы ұйым, яғни барлық мемлекеттің теңдік қағидаты сақталады. Әрине, Шанхай ынтымақтастық ұйымының әлеуетін нығайтуға Ресейдің қосқан елеулі үлесін атап өтпеске болмайды. Осы орайда төраға құқығын пайдаланып, Сізге алғыс айтқым келеді», – деді Тоқаев.
Ақорда баспасөз қызметінің мәліметі бойынша кездесуде президенттер өнеркәсіптік кооперацияны, энергетика саласындағы өзара тиімді серіктестікті дамыту және өңіраралық байланыстарды жандандыру перспективаларын жан-жақты талқылады. Тараптар екіжақты және көпжақты форматтағы тұрақты саяси диалогты сақтауға өзара ниетті екенін растады.