Жаңалықтар

Президент Ақордада ҚХР төрағасы Си Цзиньпинді қарсы алды

Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин шағын құрамда келіссөз жүргізді / Фото: aqorda_resmi

Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинді «Ақорда» резиденциясында салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасының кортежін өзі күтіп алды. Мәртебелі мейманның құрметіне ҚР Әуе қорғанысы күштерінің ұшақтары Қытай туымен түстес қызыл, сары жолақ із қалдырып, елорда аспанында ұшып өтті.

Мәртебелі мейманның сапарына орай Салтанатты рәсімдер залында құрмет қарауылы сап түзеп, оның бастығы Мемлекет басшыларына сәлемдік баянат берді. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, екі елдің әнұрандары орындалды.

Фото: aqorda_resmi

Салтанатты рәсімнен кейін екі мемлекет басшысы келіссөз залына өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин шағын құрамда келіссөз жүргізді. Президент, ең алдымен, шақыруын қабыл алып, елімізге мемлекеттік сапармен келгені үшін Си Цзиньпинге ризашылығын білдірді.

«Сізбен елордамыз – Астанада жүздесіп отырғанымызға өте қуаныштымын. Сіз бүгін елімізге мемлекеттік сапармен келіп отырсыз. Зор ризашылығымды білдіремін. Бұл, ең алдымен, Қазақстан-Қытай мәңгілік, жан-жақты стратегияның кез келген түрін одан әрі дамыту деген ұмтылыстың айқын көрінісі деп баға беремін. Қазақстан екі ел арасындағы тату көршілік пен ғасырлар бойғы достықты нығайтуға ерекше мән береді. Біз бірлескен күш-жігеріміздің арқасында өзгелерге үлгі болатын және түрлі бағытты қамтитын мемлекет аралық ықпалдастық орнаттық. Біздің екі жақты қарым-қатынасымыз дамудың жаңа алтын кезеңіне өтті деп нық сеніммен айтуға болады»,деді Президент.

Тоқаев екі ел арасындағы тауар айналымы 41 млрд доллардан асып, рекордтық көрсеткішке жеткенін атап өтті. Қазірдің өзінде 45 ортақ инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның жалпы құны 14,5 млрд доллар.

«Жобалар өнеркәсіп, энергетика, көлік, транзит, жасыл экономика, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларды қамтиды. Осы жетістіктердің бәрі сіздің жеке қолдауыңыздың арқасында табысты жүзеге асқанын айрықша айтып өткім келеді. Сонымен бірге екі елдің мәдени-гуманитарлық байланыстары жандана түсті. Жоғары мәртебелі Төраға! Осы жетістіктердің бәрі Сіздің жеке қолдауыңыздың арқасында табысты жүзеге асқанын айрықша атап өткім келеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, бұл Қытай көшбасшысының Қазақстанға жасаған бесінші сапары.

Еске салсақ, 4 шілдеде елордада Тәуелсіздік сарайында ШЫҰ мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 24-ші отырысы өтеді.  Қазіргі уақытта ШЫҰ-ға тоғыз мүше мемлекет кіреді – Үндістан, Иран, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан. Ауғанстан, Беларуссия және Моңғолия бақылаушы мәртебесіне ие. Сонымен қатар ШЫҰ саммитінде Беларусь ұйымның толыққанды мүшесі болады деп күтілуде.

Сондай-ақ саммитке ШЫҰ Бас хатшысы мен ШЫҰ аймақтық терроризмге қарсы құрылымының атқарушы директоры қатысады. Оған БҰҰ Бас хатшысы мен ТМД, ЭЫҰ, АӨСШК, ҰҚШҰ, ХОСБ және ЕЭК сияқты халықаралық ұйымдардың басшылары, бақылаушы елдер мен диалог бойынша серіктестер басшылары қатысады деп күтіліп отыр. Жиында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастықтың көптеген өзекті мәселесін қарастырады.