2025 жылы Қытайдың Қазақстандағы «туризм жылы» болады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Қазақстан мен Қытай басшылары Астана мен Бейжіңдегі мәдени орталықтарды ашты / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

2025 жылы Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы өтеді. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин бірлескен мәлімдесінде айтты.

Ақордада екі ел басшылары шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді. Келіссөздерден кейінгі баспасөзге арналған жиында мемлекет басшысы достық пен тату көршілік қатынастар жайын сөз етті. Сондай-ақ Тоқаев Қазақстан мен Қытай азаматтары үшін екі ел арасында визасыз режим қолданыла бастағанын еске салды.

«Қазір оның игілігін азаматтарымыз көріп отыр. Әсіресе, екі елдің көршілес аймақтарының халқына, кәсіпкерлер мен туристерге, жастар мен шетелдік әріптестерге тиімді болды. Биыл наурызда Бейжіңде Қазақстанның Қытайдағы Туризм жылы салтанатты түрде ашылды. Келесі жылы осы шараның жалғасы ретінде Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы өтеді. Бүгін қол жеткізілген келісімдер елдеріміз арасындағы байланыстарды нығайтып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді деп сенемін», – деді Тоқаев.

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин екі елдің астаналарында Қазақстан мен Қытайдың мәдени орталықтары ашылғанын мәлімдеді. Сондай-ақ Қазақстанда Бейжің тіл және мәдениет университетінің филиалын ашу мәселесіне де тоқталды.

 «Қазақстанда екінші Лу Бань шеберханасын ашу, сондай-ақ келесі жылы Қазақстанда Қытай туризм жылын өткізу туралы шешім қабылданды», – деді Си Цзиньпин.

Айта кетейік дәл осы жиында екі ел басшылары салтанатты түрде Астана халықаралық университетінің базасында Бейжің Тіл және мәдениет университетінің филиалын ашты. Осы орайда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек филиалды ашуға дайын екенін және онда биылғы жылы алғашқы 100 студент оқуын бастайтынын мәлімдеді.

Сонымен қатар екі елдің мемлекет басшылары Қазақстанның Бейжіңдегі және Қытайдың Астанадағы мәдени орталықтарының салтанатты ашылуының куәсі болды. Бұл орталықтар түрлі мәдени шаралар, көрмелер, дәрістер мен шеберлік сабақтарын өткізуге арналған алаңға айналады деп күтілуде.

Еске салсақ, бүгін, 3 шілдеде, Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинді «Ақорда» резиденциясында салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасының кортежін өзі күтіп алды. Мәртебелі мейманның құрметіне ҚР Әуе қорғанысы күштерінің ұшақтары Қытай туымен түстес қызыл, сары жолақ із қалдырып, елорда аспанында ұшып өтті.

Айта кетейік, бұл Қытай көшбасшысының Қазақстанға жасаған бесінші сапары.

Сондай-ақ оқыңыз