Қор нарығына шолу: АҚШ еңбек нарығындағы жағдай, доллар бағамы төмендеп жатыр, S&P 500 бен Nasdaq рекордтық көрсеткішке жетті

Жарияланды
БАҚ шолуы / REUTERS/Brendan McDermid

АҚШ-тағы еңбек нарығы, доллар бағамы төмендеп жатыр, S&P 500 пен Nasdaq рекордтық көрсеткішке жетті

АҚШ-та жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алуға өтініш берушілер саны артып келеді, бұл еңбек нарығының саябырлай түскенін және пайыздық мөлшерлеменің осы жылы-ақ төмендеуі мүмкін екенін көрсетеді. Мұны ФРЖ-ның соңғы отырысының хаттамасы да растайды. S&P 500 және Nasdaq жаңа рекордқа жетті. Ал доллар негізгі әлемдік валюталарға қарағанда айтарлықтай әлсірей түсті. Осы және басқа тақырыптар туралы 3 шілдедегі әлемдік БАҚ шолуын оқыңыз.

АҚШ-та жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алуға өтініш берушілер көбейіп келеді: еңбек нарығы саябырлай түсті

Сәрсенбі, 3 шілдеде, АҚШ-та жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алуға өтініш берген азаматтардың саны еңбек министрлігінің апталық есебінен мәлім болды. Жұмыссыздардың саны өсе түскен. Бұл еңбек нарығының біртіндеп суып жатқанын айғақтайды. 29 маусымда аяқталған аптада америкалықтар алдыңғы аптаға қарағанда 4 мыңға көбірек өтініш беріпті. Елде жұмыссыздық жәрдемақысын 238 мың адам алғысы келеді.

Жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алатын америкалықтардың жалпы саны тоғыз апта қатарынан өсіп, соңғы аптада 1,86 миллион адамға жетті. Бұл – 2021 жылдың қарашасынан бергі ең көп сан.

Экономистердің айтуынша, жұмыссыздар сәл көбейгеннің өзінде, еңбек биржасындағыларға жұмыс табу қиынға соғады. Бұл жұмыс күшіне сұраныстың азайып жатқанын көрсетеді, бірақ экономика әлі де мығым қалпында. Инфляция жайлы соңғы мәліметтерге қарағанда, экономика біртіндеп баяулап келеді, ФРЖ-ның қалағаны да сол еді деп жазады Yahoo Finance.

ФРЖ маусымдағы отырысының хаттамасын жариялады: ол мөлшерлемені төмендетуге асықпайтын сыңайлы

Бір күн бұрын ФРЖ-ның маусым айындағы отырысының хаттамасы жарияланды деп хабарлайды CNBC. Федералдық резерв жүйесінің өкілдері инфляцияның оң бағытқа бет алғанын, бірақ мөлшерлемені төмендету үшін әлі де жеткіліксіз екенін атап өткен. Хаттамадан Америка штаттарындағы орталық банктердің 19 басшысы ақша-несие саясатының шарттарын жеңілдетуге келіспейтіні байқалды. Олардың кейбірі тіпті мөлшерлеменің қазіргі деңгейін көтеру қажет деп отыр.

Сонымен бірге отырыста алдағы бірнеше жылдағы ақша-несие саясатына қатысты жаңартылған экономикалық болжам талқыға түсті. Жаңа болжамда 2024 жылдың соңына қарай мөлшерлемені пайыздық тармақтың төрттен біріне төмендетуге болатыны айтылады. Ал наурыз айында үш рет төмендету жайлы сөз болған еді. Ал нарық мөлшерлеме екі рет төмендейді деп отыр және оның біріншісі қыркүйекте болады деп болжайды.

Қысқаша айтқанда, комитет осы жылға қатысты инфляция деңгейін төмендеткені болмаса, негізгі экономикалық болжамын өзгертпеді.

S&P 500 пен Nasdaq күндізгі сессияда рекордтық көрсеткішке жетті

Сәрсенбіде NASDAQ технологиялық индексі 0,88%-ға өсіп, 2024 жылы 23-ші рекордтық жабылуын тіркеді деп хабарлайды WSJ. Сонымен қатар S&P 500 биыл 33-ші рекордымен жабылып, бір күнде 0,51%-ға өсті. Индекстер жалпы бір жылда 21%-ға және 16%-ға өскен. Ал Dow Jones 0,06%-ға төмендеді.

Басылымның айтуынша, еңбек нарығы жөніндегі жаңа деректер инвесторлардың ФРЖ пайыздық мөлшерлемені 2024 жылдың қыркүйегінде төмендетеді деген сенімін нығайта түсті. «Еңбек нарығының саябырлауы әлі рецессияға кететіндей деңгейге жеткен жоқ, бірақ бұл инфляцияны ауыздықтауға біршама көмектеседі», – дейді Bolvin Wealth Management Group президенті Джина Болвин.

АҚШ нарығына ілесіп, Еуропа мен Азия нарығы да өсуде. Француз CAC 40 сауда сессиясында 1,2%-ға көтерілді. Гонконгтың Hang Seng және жапониялық Nikkei 225 те жасыл аймақта да жабылды. Nikkei 225-тің көтерілуіне акция бағасы тарихи рекордына жеткен SoftBank та ауқымды үлес қосты. Үндістандық Sensex те жаңа рекордтық көрсеткіштермен жабылды.

Доллар бағамы 10 негізгі әлемдік валютамен салыстырғанда әлі төмендеп жатыр

Доллар бағамы әлі түсіп жатыр және соңғы үш аптада ең төменгі шегіне жетті. Инвесторлардың ойынша, бұл ФРЖ 2024 жылдың қыркүйегінде пайыздық мөлшерлемені төмендетуі мүмкін екенін көрсететін экономикалық деректерге байланысты деп жазады Bloomberg.

Мәселен, өткен айда АҚШ-тың қызмет көрсету секторы іскерлік белсенділік пен тапсырыс азайғандықтан, қысқара түсті. Инвесторларға әзірге еңбек нарығы туралы мәліметтер дем беріп тұр. ADP жеке зерттеу институтының мәліметі бойынша, АҚШ компанияларының маусым айындағы жұмысшы жалдау жөніндегі көрсеткіші аса жоғары емес және жалақының өсуі баяулаған.

Бұған дейін экономистер АҚШ валютасы кей күндері көтерілсе де, доллардың жалпы төмендейтінін болжаған еді. Мысалы, Bloomberg-тің есебі бойынша, АҚШ президенттігіне үміткерлердің арасында дебат өткен күні доллар индексі 0,2% – ға өскен болатын.

Сондай-ақ оқыңыз