Novo Nordisk дәрісінің теріс әсері бар деген зерттеу қорытындысынан кейін, фармацевтикалық компанияның акциясы арзандады
Даниялық фармацевтика компаниясы Novo Nordisk-тің акциялары арзандады. Оған компанияның диабет пен семіздікке қарсы Ozempic пен Wegovy препараттары соқырлық дертіне шалдықтыруы мүмкін деген зерттеу тұжырымы себеп болды. Дәрілерінің құрамы басқа болса да, осы жаңалықтан кейін америкалық Eli Lilly-дің де акциясы арзандады. Ол – Novo-ның осы нарықтағы басты бәсекелесі.
Толығырақ
Гарвардтың Massachusetts Eye and Ear госпиталіндегі зерттеу кезінде, қант диабетімен ауыратын науқастар семаглутид негізіндегі препараттарды қабылдағанда, ишемиялық оптикалық нейропатия дертіне (NAION) шалдығу қаупі төрт есе артатыны анықталған деп жазады Investor’s Business Daily. Көздің жүйке талшықтарына қанның баруын бөгейтін бұл ауру адамды соқыр қылуы мүмкін. АҚШ-та NAION дертімен 100 мың адамның 10-ы ауырады. Ал семіздікпен күресіп жүрген науқастардың ішінде семаглутид ішкендердің осы дертке шалдығу қаупі жеті есе жоғары болған.
Зерттеу авторлары бұл тұжырымды растау үшін қосымша зерттеу қажет екенін атап өтті. Егер семаглутид пен соқырлықтың тікелей байланысы бар екені дәлелденсе, бұл Novo Nordisk үшін үлкен қиындыққа айналуы мүмкін деп ескертеді Tipranks. Компания семаглутидті қант диабетін емдеу үшін Ozempic, ал салмақ тастау үшін Wegovy сауда таңбасымен сатады. Бұл препараттар сатылымда нағыз бестселлер болды десек артық емес. Осы дәрілері үлкен сұранысқа ие болғандықтан, былтыр күзде Novo Еуропадағы ең қымбат компанияға айналды.
Акция жайы
Novo Nordisk акциялары 3 шілдеде Нью-Йорктегі саудада 2,9%-ға төмендеді. Постмаркетте баға тағы 0,2%-ға кеміді.
Қант диабеті мен семіздікке қарсы бәсекелес дәрі – тирзепатид (Mounjaro және Zepbound сауда таңбасымен) сататын Eli Lilly бағалары сәрсенбі, 3 шілдеде, негізгі сессияның қорытындысы бойынша 1%-ға төмендеді және кеңейтілген саудада тағы 0,1%-ға кеми түсті.
Сарапшылар не дейді?
Уолл-стрит Novo акцияларына «орташа сатып алу» консенсустық рейтингін береді деп жазады Tipranks. Алты сарапшы Novo қағаздарын сатып алуға, бір талдаушы «ұстай тұруға» және «сатуға» кеңес береді. Соңғы жылы 74%-ға өскен Novo-ның бір акциясы үшін орташа мақсатты баға – 142,36 доллар, бұл 3,69%-ға өсу мүмкіндігін көрсетеді. MarketWatch мәліметтері бойынша, компанияның дамуын бақылап отырған 33 сарапшының 22-сі оның қағаздарын сатып алуға, ал үшеуі сатуға кеңес береді.
Investor Place жуырда ғана Novo-ны шілде айында сатып алуға болатын ең жақсы жеті акция тізіміне енгізген еді. «Қазір Novo Nordisk-тен үлес сатып алуға ең қолайлы кезең, өйткені оның артық салмақтан арылуға көмектесетін Wegovy препаратына Қытайда рұқсат берілді. Ал 1,4 миллиард халқы бар бұл елдің экономикасы әлем бойынша екінші орында», – деп жазды басылым.
Ozempic-ті қолдануға Қытай 2021 жылы рұқсат берді. Investor Place-тың айтуынша, былтыр бұл дәрінің сол елдегі сатылымы екі есе артқан. Өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыру үшін Novo өндірістік қуатын кеңейтуге 4,1 млрд доллар жұмсауды көздеп отырған.