Шанхай ынтымақтастық ұйымы қауіпсіздік қана емес, экономика мәселесіне назар аударады - Ерлан Ахмеди

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
ШЫҰ жоспары кеңесіп жатыр. Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Халықаралық саяси сарапшы Ерлан Ахмедидің айтуынша, қазіргі кезде Шанхай ынтымақтастық ұйымының қызметі мен жоспары кеңеюде. Тек қауіпсіздік емес, экономикалық мәселелер де көтеріліп жатыр. Айталық, Қазақстан тарапынан 2030 жылға дейін инвестициялық қор құру ұсынылған. Экономикалық байланыстарды күшейту мәселесі көтерілген.

Саммитке ШЫҰ мемлекеттері ғана емес, түрік және араб мемлекеттерінің басшылары қатысып жатыр.

«Осы самиттің тағы бір ерекшелігі – ШЫҰ мемлекеттері ғана емес, сонымен қатар түрік және араб мемлекеттерінің басшылары қатысады. 2022 жылғы Самарқандағы саммитті еске түсірсек, Түркия Президенті Ержеп Тайып Ердоған Түркияның да осы ұйымға қосылуға ниетті екенін айтқан болатын. Сонымен қатар Моңғолия мемлекеті бақылаушы болып отыр. Бұл мемлекет те болашақта ұйымға енуі мүмкін. Яғни Шанхай ынтымақтастық ұйымына қызығушылық жоғары», – деп атап өтті сарапшы.

Журналистер сарапшыдан ШЫҰ-ға Батыс елдері мен АҚШ-тың көзқарасын сұрады. Ахмедидің айтуынша, ШЫҰ мақсаты – әлемді бөлмеу, керісінше, бірлікке шақыру.

«Ең бастысы, Шанхай ынтымақтастық ұйымының мақсаты – әлемді бөлмеу, керісінше, бірлікке шақыру. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті әлем – біртұтас адамзат баласы» деген ұсынысы бар. Сонымен қатар Қытай басшысы Си Цзиньпиннің «адамзат баласы үшін біртұтас тағдыр» деген ұсынысы бар. Яғни былай қарсаңыз үндес. Қазір баршамызға белгілі, геосаясатты әлемді глобалды солтүстік, глобалды оңтүстік деп бөледі. ШЫҰ-ның мақсаты әлемді бөліп-жармау, керісінше, біріктіріп, диалог арқылы үстел басында бұл мәселелерді шешу», – деді Ерлан Ахмеди.

Саммит қорытындысында «Астана декларациясы» қабылданады. Жалпы бір жылдың ішінде қандай жұмыстар атқарылды, алдағы уақытта қандай жұмыстарды іске асыру керек және әлемдегі әртүрлі геосаяси мәселелер бойынша ұйымның ұстанымы қандай, қандай ұсыныстар берілетін жазылады. Экономика, мәдени-гуманитарлық мәселелер, жаңа технологиялардың бәрі бұл құжатта көрініс табады.

Астанада  Қазақстан төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммиті өтіп жатыр. Саммитте Беларусь мемлекеті Шанхай ынтымақтастық ұйымына толыққанды мүше болды.

Сондай-ақ оқыңыз