«Қазақтелеком» мен Банк ЦентрКредит акцияларының қымбаттауы есебінен KASE индексі өсті
Сәрсенбі күнгі сауда нәтижесінде KASE индексі өзінің тарихи мәніне (5 196,1) жақындап, 5 190,6 тармаққа шоғырланды. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы бұндай өсімге «Қазақтелеком» (+3,0%) және Банк ЦентрКредит (+1,7%) акциялары себеп болғанын жазады.
Қазіргі кезде Банк ЦентрКредиттің 1 акциясы 1895 теңгеден саудаланып жатыр. Алдыңғы сауда күнімен салыстырғанда 0,18%-ға өскен. «Қазақтелекомның» бағалы қағаздары 37 660 теңгеге сатылуда.
Сарапшылар «Мобайл Телеком-Сервис» сатылғаннан кейін, қосымша дивиденд төленеді деген үмітпен байланыс операторының акциялары маусымның ортасынан бері 10,6%-ға өскенін айтады. Сондай-ақ 1 шілдеден бастап «Қазақтелеком» кейбір тарифтік жоспарын қымбаттатқан.
Жыл басында Қатардың Power International Holding холдингі Tele2 және Altel брендтерімен жұмыс істейтін «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-ні сатып алуды жоспарлап отырғаны белгілі болды. Қатарлық компания «Мобайл-Телеком сервисін» «Қазақтелекомнан» 1 млрд долларға сатып алады.
Банк ЦентрКредит акциялары 2024 жылдың қаңтар-ақпан айларында KASE индексі өсімінің негізгі драйверіне айналды.
20 маусымда KASE индексі жыл басынан бері 21,8%-ға өсіп, 5100 тармақтан асты. Сол кезде Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы сарапшылары жергілікті инвесторлардың тәуекелге баруға деген құлшынысы артқанын айтты. Оған шикізат бағасының қымбаттауы, теңге бағамының құнсыздануы, тоқсан аяғы мен корпоративтік сектордағы маңызды оқиғалар қарсаңында порфелдерін қайта құрылымдау әсер еткен. Сол кезде KASE индексіндегі «Қазатомөнеркәсіп» (+2,2%), Kcell (+1,8%), Kaspi (+1,7%), «Қазақтелеком» (+1,4%) акцияларына инвесторлардың сұранысы жоғары болған.