Қаржы нарығын реттеу агенттігі тағы 4 микроқаржы ұйымының лицензиясын тоқтатты
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тағы 4 микроқаржы ұйымының лицензиясын 3 айға тоқтатты. Олар: «Бренд ломбард» ЖШС, «Ұлдан-ломбард» ЖШС, «TIYN-S ломбард» ЖШС және «Әл-Фараби ломбард» ЖШС.
Реттеуші бұл микроқаржы ұйымдары пруденциалдық нормативтер мен басқа да міндеттерін бұзды деп тапты.
Мәселен, Шымкент қаласында орналасқан «Бренд Ломбард» ЖШС пруденциалдық нормативтер мен лимиттерді орындамаған. Қалған 3 МҚҰ-да «Микроқаржылық қызмет туралы» заң баптарын бұзған. Олар Түркістан облысында тіркелген.
Лицензиясы тоқтатылған мерзімде ломбардтардың шағын несие беруге құқығы жоқ. Бұған дейін жасалған келісімдердің мерзімін де ұзарта алмайды. Ал олардан несие алған клиенттер өз қарызын уақтылы төлеуге міндетті.
Бұған дейін агенттік еліміздегі ірі «Взаймы», Sofi Finance және Creditum микроқаржы ұйымдарын лицензиясынан айырған болатын. Сонымен қатар Hava Finance, POS Credit SF Offline, «Сәлем Кредит», және Express Аванстың да лицензиясын уақытша тоқтатқан. Лицензияны тоқтатуға негізгі себеп – заң талаптарын сақтамау болды.
Қазақстандықтардың жеке дерегін таратып жіберген «Робокэш.кз» («Займер» деген атпен жедел ақша береді) микроқаржы ұйымына 2 млн теңгеге жуық айыппұл салынған. Мемлекеттік техникалық қызмет Zaimer.kz 2 миллионнан астам клиентінің жеке дерегін таратқанын хабарлады.
Ізін ала Цифрлық даму министрлігі жеке дерегі таралып кеткен азаматтарды «Робокэш.кз» ұйымынан моральдық шығын өтеп алу үшін сотқа жүгінуге шақырды. Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне азаматтардан 5200-ден астам өтініш келіп түскен. Соның арасында микроқаржы ұйымынан моральдық шығын өндіру туралы да өтініш болған.