АҚШ-тың Шетелдік активтерді бақылау басқармасы қайталама санкцияға ұшырататын компаниялар мен заңды тұлғалар тізімін жаңартты. Банктер немесе басқа да ұйымдар бұл компаниялармен тікелей жұмыс істесе, оларға автомартты түрде қайталама санкция салынуы мүмкін.
Бұған дейін АҚШ пен ЕуроОдақ санкциясына ұшыраған қазақстандық қос компания қайталама санкция қаупін төндіретін тұлғалар тізіміне енді. Атап айтқанда, бұған дейін Еуроодақ санкция салған – Da Group пен Elem Group компаниясы.
Сонымен қатар бұл тізімге ВТБ Қазақстан банкі де кірген. Бұл банк – санкцияға ұшыраған ресейлік банктердің Қазақстанда жұмыс істеп тұрған жалғыз еншілес ұйымы.
Жыл басында DA GROUP 22 компаниясы АҚШ санкциясының астында қалған. Ашық дереккөз мәліметінде бұл компания 2022 жылы тіркелгенін көруге болады. Электронды және телекоммуникациялық жабдықтар мен олардың қосалқы бөлшектерін сатумен айналысады. Бірінші басшысы мен құрылтайшысы ретінде Носаева Лиля көрсетілген
Ол кезде АҚШ Ресейдің санкцияларды айналып өтуіне көмектескен 300 жеке тұлға мен компанияға қарсы санкция салған. АҚШ Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлауынша, компания Fabcenter, Ostec-Arttool Ltd, Ostec-SMT Ltd және Ostec-Integra Ltd компанияларына өнім жеткізіп отырған.
Одан бөлек, DA GROUP 22 Ресейге көмектескені үшін Еуроодақ санкцияларының 14-пакетіне де іліккен болатын. Тізімге жалпы саны 61 компания кірген.
Сонымен қатар, TOO Elem Group-қа да Еуропалық Одақтың санкциясы салынды. Бұл компания электронды және телекоммуникациялық жабдықтар сатады.
Жақында қазақстандық тағы бір компания АҚШ санкциясына ұшырады. «КБР-Технологии» компаниясы Ресейге жоғары технологиялық өнім мен дрон жасауға керек жабдық жеткізген.