Израиль мен ХАМАС келісімге келуі мүмкін

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Израиль мен ХАМАС
Израиль мен ХАМАС қашан келісімге келеді? / Фото: shutterstock

Израиль мен ХАМАС қозғалысы Газа секторындағы атысты тоқтату туралы келісімге келуі мүмкін. Бұл туралы CNN басылымы израильдік дереккөзге сілтеме жасай отырып хабарлады.

CNN жазуынша, қос тарап «шекті келісім жасау алдында» тұрған көрінеді. Израиль ХАМАС-тың соңғы жауабы тараптардың келісімге келу үшін «жан-жақты» келіссөз бастауына мүмкіндік береді деп санайды. Алайда CNN мәміле тағдыры әлі шешілмегенін баса айтады.

Бұған дейін Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху кеңсесі мен «Моссад» барлау қызметі Израиль арағайындары арқылы ХАМАС өкілдерінен кепілге алу келісімі бойынша жауап алғанын хабарлаған.

31 мамырда АҚШ президенті Джо Байден Газадағы бейбіт реттеу туралы жаңа келісім жобасының шарттарын жариялады.

Ал БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі АҚШ-тың Газа секторындағы атысты тоқтату туралы ұсынысын қолдап, ХАМАС содырларын келісімді қабылдауға шақырды. Израиль резолюцияны қабылдаған. Ал ХАМАС жоспар қағидаларын жүзеге асыруда арағайын елдермен келісімге келуге дайын деп мәлімдеді.

2023 жылдың 7 қазан күні Израиль-Палестин қақтығысы кезекті рет ушыққан болатын. ХАМАС содырлары Израильдің оңтүстігіне жаппай зымырандар тастай бастады. Ал Израиль әскерилері «Хамас» ұйымының шабуылына жауап ретінде арнайы операция бастады.

Еске сала кетсек, еліміздің Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Израиль-Палестина қақтығысын шешуге қатысты ұстанымы өзгермейтінін мәлімдеді. Қазақстан екі ел арасындағы қақтығысты бейбіт жолмен шешуге бірнеше рет шақырды. Палестина халқына гуманитарлық көмек жіберіп, өз азаматтарын қақтығыс аймағынан эвакуациялады.

Сондай-ақ оқыңыз