Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы ерлердің азарт ойындарға құмар болуына әйел қоятын талаптың әсер ететінін жазған.
Денсаулық сақтау басқармасы Facebook парақшасында лудоманияның себептері, салдары мен оған қарсы күресу жолдары жайлы ақпарат жариялаған. Отбасылық, тұлға аралық, психикалық проблемалардан бөлек, ер адамдардың әйелдердің талаптарына сай болу мәселесі де, лудоманияның себебі ретінде көрсетілген.
«Кей ер азаматтар әйел тарапынан қойылған талапты өтей алмағандықтан, көп ақша табуға ұмтылады. Осылайша, оңай жолмен табыс табуға бел байлайды. Оның соңы азарт ойындардың соңына түсуге алып келеді», – делінген ақпаратта.
Айта кетейік, осыған дейін отбасылық психолог Ержан Мырзабаев KURSIV MEDIA KZ-ке лудомания себептері, салдары мен күресу жолдары туралы айтып берген еді.
«Лудоманиямен ауырған адам әйел бала-шағасына көңіл бөлмейді. Балалардың оқуы, тәрбиесімен айналыспайды. Ата-анасымен араласпайды, туыстармен қарым-қатынасты үзеді. Үнемі мазасызданып тұрады. Үнемі ақша табу, ақша тігу деген процеспен ғана миы ауырады. Кейде тіпті әке-шешесінің де зейнетақыларын, әйелінің алтындарын ломбардқа салдырып, оның бәрін ақшаға айналдырады. Ал материалдық тұрғыдан ештеңе бермеген жағдайда өзгелерге психикалық, физикалық тұрғыдан да зорлық-зомбылық көрсетіп жатады», – дейді психолог.