15 шілдеден бастап бірқатар қазақстандықтар жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 1,5 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз грант ала алады.
Еңбек министрлігінің ақпаратына сүйенсек, өтінімдер Business.enbek.kz порталында қабылданады. Өтініш беру үшін тіркелу, грант алу шарттарына сәйкестігін тексеруден өту, бизнес-жоспар шаблонын жүктеу және өтініш нысанын толтыру қажет.
Гранттарды қажетті құрал-жабдықтарды, малды, құсты, көшеттерді, тұқымдарды сатып алуға және үй-жайларды жалға алу ақысын төлеуге алуға болады. Грант көлемі 400 АЕК-ті (1 476 800 теңге) құрайды. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.
Жаңа бизнес-идеяны іске асыруға грант алу жұмыссыз немесе жеке кәсіпкер болуы шарт. Сонымен қатар үміткерлер төмендегі санаттардың біріне кіруі қажет:
- мүгедектігі бар адамдар;
- «қандас» мәртебесі бар адамдар;
- өңіраралық қоныс аударушылар;
- аз қамтылған отбасы мүшелері;
- көпбалалы отбасы мүшесі (жұбайы);
- мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы);
- асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.
Үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы тиіс.
Ескерте кететіндігі, гранттар тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді.
Үміткерлер өз бизнес-жобасын комиссия отырыстарында таныстырады. Бұл ретте комиссияның әрбір мүшесі бизнес-жоспарды бағалайды және бағалау парағын мынадай өлшемшарттар бойынша толтырады: бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының пысықталуы, бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі, жаңа жұмыс орындарын құру.
Комиссия шешімі үміткердің Порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі. Комиссияның оң шешімі болған жағдайда үміткер банк деректемелерін ұсынады, шартқа қол қояды және одан әрі тоқсан сайын қаражаттың пайдаланылуы туралы есеп береді.
Былтыр жас кәсіпкерлерге 2 577 грант беру жоспарланған.