Жаңалықтар

Қайрат Сатыбалдыұлы Барахолкадағы құрылысы аяқталмаған павильон мен бизнес орталығын мемлекетке қайтарғысы келеді

Сатыбалдыұлы Барахолкадағы бизнес орталығын мемлекетке қайтарғысы келеді / Фото: коллаж kursiv.media (gov.kz), бильд-редактор: Денис Андреев

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыұлы тергеу жүйесімен мәмілеге келу үшін кезекті активтерін мемлекетке қайтаруға дайын екені белгілі болды.

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты 20 маусымда Қайрат Сатыбалдыұлының мүлкін бұғаттан босату туралы шешім шығарды. Мәселе Алматыдағы Жамақаев көшесіндегі «Орион» бизнес орталығы және Барахолкадағы «Байсат» сауда орталығы мен жаңа павильон жайында болған. Екі нысанның да құрылысы аяқталмаған.

Осыған дейін мемлекеттік айыптаушы Нұрмаханов соттан аталмыш мүлікті бұғаттан босатуды сұраған. Назарбаевтың немере інісі активтерді қайтару комитетімен келісім жасауға дайын екені айтылған. Мәміле шарттары бойынша Сатыбалдыұлы өз кінәсін мойындап, заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтаруы тиіс. 

«Іс жүргізу келісімінің талаптарын орындау мақсатында қаралып отырған қылмыстық іс бойынша бұрын салынған бұғаттан босату қажет», – делінген іс материалдарында.

Судья Бағлан Ыдырысов мемлекеттік айыптаушының өтінішін қанағаттандырып, бұғаттан босатты. Объектілерді Қазақстанның мемлекеттік мекемелерінің балансына толық қайта ресімдегенге дейін Сатыбалдұлының мүлкіне қатысты мәміле немесе өзге операция жасауға тыйым салды.

Еске сала кетсек, 8 ақпан күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты істі тергеу шеңберінде елге тағы 44,6 млрд теңге қайтарғанын хабарлады. 

Ал 6 наурызда өткен брифингте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ресми өкілі Арман Тілеукенов 2022 жылдан бері Қайрат Сатыбалдыдан заңсыз иемденілген 732,8 миллиард теңгенің активтері қайтарылғанын айтты. 

Айта кетейік, 2022 жылдың 26 қыркүйегінде Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Астана қаласы Байқоңыр ауданының №2 соты Қайрат Сатыбалдыұлын 6 жылға бас бостандығынан айырды.