Көміртегі бейтараптығына көшу әлемдік трендке айналды. Бұдан Өзбекстан да сырт қалмақ емес. Бұл туралы Курсивтің ұйымдастыруымен Ташкентте өтіп жатқан ESG-форумы аясында айтылды. Өзбекстан экономикасы белсенді дамып келеді. Ресми Ташкент экономика көлемі бойынша Орталық Азиядағы екінші, ТМД-дағы төртінші ел. Көміртегі бейтараптығына көшу бойынша елдің алға қойған жоспары қандай?
Жасыл трансформация және климаттың өзгеруіне бейімделу ұлттық орталығының директоры, Өзбекстан Экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрінің кеңесшісі Суна Парктың айтуынша, Өзбекстан 2030 жылға дейін 35% көміртегі бейтараптығына көшуге мүдделі.
«Біздің ел ретінде халықаралық ұйымдар алдында өз міндеттемелеріміз бар. Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясын қабылдадық. Климат жөніндегі Париж келісіміне қол қойдық. Бұл жәй ғана абстракциялық келісім емес. Бұл біздің міндеттемеміз. Оның ішінде парниктік газдарды инвентаризациялау, мониторинг. Бұл халықаралық сотқа дейін реттелетін маңызды құжаттар», – деп атап өтті министр кеңесшісі.
Оның айтуынша, Өзбекстан парниктік газ шығарындыларын ЖІӨ-ге қатысты 2030 жылға дейін 35%-ға қысқарту туралы міндеттелді.
«Қазір Өзбекстан экономикасының қарқынды өсуіне қарамастан парниктік газдар көлемін төмендету бойынша міндеттемелерді тиісті деңгейде орындап келеді», – деді Суна Парк.
Еске сала кетсек, «Ташкентте Курсив» басылымы ұйымдастырған «Бағадан байлыққа дейін. Тұрақты даму жолындағы экономиканың трансформациясы» аталатын ESG-форум өтіп жатыр. Шараға ірі компаниялар мен билік өкілдері, сарапшылар шақырылған.
Форум барысында өтетін төрт сессия барысында түрлі тақырыптар талқылануда. Соның ішінде бизнесті дамытуда экологиялық құралдарға мән беру мәселесі де көтеріледі. Онда ESG стандарттарын Өзбекстанда енгізу мүмкіндіктері мен жасыл экономика ережелерін де талдау бар.
Сонымен қатар халықаралық даму инситуттарының тұрақты даму қағидасын ілгерілетудегі рөлі де талқылануда.