Былтыр қазақстандықтар астролог пен көріпкелдер қызметіне 39,1 млн теңге жұмсаған – Ұлттық статистика бюросы

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Көріпкелдер ресми түрде Астанада көп тіркелген / Фото: shutterstock, kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

2023 жылы астрологтардың, көріпкелдердің, эзотериктердің және экстрасенстердің табысы 39,1 млн теңгені құрады.

Бүкіл сома жеке кәсіпкерлердің шоттары арқылы өткен. Сондықтан «бал ашатындар» әлдеқайда көп табыс тапқан көрінеді. Себебі олардың көпшілігі заңды жұмыс істемейді, төлемді қолма-қол ақшамен алады. Сонымен қатар зерттеу осы салада жұмыс істейтін барлық жеке кәсіпкерді қамтыған жоқ. Бұл көрсеткіштерді DATA HUB telegram арнасының сарапшылары Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап жариялады.

Жалпы соманың 38,1 млн теңгесін жеке тұлғалар төлеген. Тағы 1 млн теңгені заңды тұлға аударды. Оған Атырау облысындағы ауылдардың біріндегі көріпкел әрі жеке кәсіпкер қызмет көрсеткен.

Астрологтары ресми түрде қызмет көрсеткен жалғыз қала – Астана болды. Елордадағы аспан әлемімен «байланысы» барлар 25,3 млн теңге қаржы тапты. Бұрын мұндай қызметтер 2019 жылдан бері тіркелмеген болатын. Экстрасенстер небәрі 426 мың теңге табыс тапқан: олардың барлығы Абай ауданында қызмет көрсеткен.

2021 жылы Алматыда көріпкел алаяқтар ұсталды. Олар 72 жастағы қарт кісінің 1 миллион 885 мың теңге мен зергерлік бұйымдарын иемденген. Алматы облысының екі тұрғыны өз құрбандарын қала ауруханаларының бірінде кездестірген.

Сондай-ақ оқыңыз