Мамыр айында банк секторы активтерінің, сондай-ақ банк несиесі мен депозит портфелінің өскені байқалды. Оң динамика бөлшек және корпоративтік кредит көлемінің артуына байланысты болды. Halyk Finance сарапшылары банктердің несие портфелі сапасы нашарлағанын жазады.
Несие портфелінің көлемі өсті
«Бөлшек сектор бұрынғыдай несие беру көрсеткіші өсімінің негізгі драйвері болып қала береді», – деп жазды сарапшылар.
Алайда банктердің несиелік портфельдерінің сапасы нашарлаған.
«Сапасыз кредиттердің үлесі өсті. Бұл ретте 30 күннен астам мерзімі өткен және NPL90+ несиелерінің мөлшері артты», – деп жазды сарапшылар.
Депозит портфелі жеке тұлғалардың есебінен өсті
Бұл ретте мамыр айында банктердің депозит портфелі жеке тұлғалардың депозиттерінің ағыны есебінен артты. Ал заңды тұлғалардың депозиттерінің төмендеуі жалғасуда. Валюта бойынша теңгедегі депозиттер аздап өссе, шетел валютасындағы депозиттер де артқан. Осының аясында салалық депозиттердің долларлану деңгейі біршама өсті.
Бұған дейін Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігі, Дүниежүзілік банк пен ХВҚ 2023 жылы өткізген Қаржы секторын бағалау бағдарламасының (FSAP) нәтижелерін ұсынды. FSAP нәтижелері әртүрлі күйзеліс жағдайында банктердің тұрақтылығын растады.
Мерзімі өткен берешек көлемі
Проблемалық кредиттердің үлесі (NPL90+) 2024 жылғы мамырдың аяғында 3,2%-ға (сәуірде 3,1%), ал мерзімі 30 күннен астам өткен несиелер үлесі 4,3%-ға (сәуірде 4,1%) өсті. 30 күннен астам мерзімі өткен несие портфелі 5,3%-ға артты. Оның көлемі 1 337 млрд теңгеге жетті.
«Ал NPL90+ портфелі 4,3%-ға өсіп, 1 трлн теңгеге жетті. Сонымен қатар сапасыз несиелерді провизиялармен қамту деңгейі сәуірдегі 183,7%-дан мамырдағы 177,8%-ға дейін төмендеді», – деп хабарлады Halyk Finance талдау орталығы.
2024 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша, Қазақстан банктерінің балансында 90 күн бойы төленбеген (NPL 90+) 1 трлн теңге мерзімі өткен берешек бар. Үш ай бойы төленбеген қарыз көлемі банктердің несие порфелінің 3,2%-ын құрайды. Жыл басында бұл көрсеткіш 2,9% болған.
Яғни алған несиесінің төлемін 90 күн кешіктіргендер саны да, төлемеген қарыз көлемі де артқан. Жыл басында мерзімі өткен берешек мөлшері 864 млрд теңге болған. 5 айдың ішінде NPL 90+ қарыз 136 млрд теңгеге өскен.