Алаяқтар Ұлттық банк атынан жалған парақша ашып, вирустық бағдарлама орнатылатын фишинг хаттар жіберіп жатыр

Жарияланды
Алаяқтар Ұлттық банк атынан фишинг хаттар жіберуде /kursiv.media

Алаяқтар әлеуметтік желілерде Ұлттық банктің жалған парақшасын ашып, қазақстандықтарға вирустық бағдарламалар бар фишинг хаттар жіберуде, деп хабарлады аталған банктің баспасөз қызметі. Қаржы ұйымы азаматтардан Ұлттық банк атынан келетін хаттардағы күдікті сілтемелерді ашпауды сұрайды.

Жымысқы әрекетті ойлағандар Instagram әлеуметтік желісінде national_bank_kazakhstan деген жалған парақша ашып қойған.

Ұлттық Банктің доменіне ұқсас атауларды қолдана отырып олар фишингтік хаттарды жіберу үшін реттеушінің атынан арнайы пошта ашады. Содан жіберілген хаттарда жалған сайтқа сілтеме беріледі немесе төлем жасауға арналған өтініштер, танысуға арналған шұғыл құжаттар болады. Сілтемені басқан жағдайда зиянды бағдарлама бірден орнатылады. Осы бағдарлама арқылы пайдаланушының мобильді құрылғысын алаяқтар қашықтан басқара алады.

«Алаяқтардың қақпанына түсіп қалмау үшін Ұлттық Банк күмәнді сілтемелерге өтпеуге шақырады. Ұлттық Банк жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейді, азаматтардың қаржы құралдарын сақтандырумен айналыспайды, сондай-ақ халықпен ақшалай есеп айырысу операцияларын жүргізбейді. Егер Сіз немесе жақыныңыз алаяқтардың арбауына тап болса, арыз жазу арқылы Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына жүгінуге кеңес береміз. Кеңес алу үшін 1477 қысқа  нөмірі бойынша Қазақстан Ұлттық Банкінің байланыс орталығына да хабарласуға болады», – деп ескертті Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

Қазақстан Ұлттық Банкі жасанды интеллектіні қолданушы алаяқтардың көбейіп келе жатқанын да қаперге салды.  Олар өз «құрбанының» туысы, жақын адамы немесе танымал медиа-тұлғаның дауысын салып, сөйлесетін болған.

Енді бірде тұтынушының мүддесін қорғайтын мекеме өкілі ретінде хабарласады. Тіпті «заңгермін» деп кеңес берген болып, шотына ақша аударып алуға машықтанған.

Сондай-ақ оқыңыз