Батыстағы төрт облысты дамытуға арналған кешенді жоба дайындалады

Жарияланды
Үкімет төрт облысты дамытуға арналған кешенді жоба дайындайды /kursiv.media

Үкімет елдің батыс өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуын көздейтін құжаттар топтамасын жасақтауға кіріспек. Вице-премьер Қанат Бозымбаев кеңесте төрт өңірдің әкімдері мен министрлік өкілдеріне тапсырма берді. Үкімет баспасөзі қызметі осыған қатысты ақпарат жариялады.

Ұлттық экономика министрлігі Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының даму динамикасын талдаған. Алдағы уақытта мұнай өндіру көлемі азаюы мүмкін. Осыған байланысты ведмсвто экономиканы әртараптандыруды ұсынып отыр.

Батыста халық саны тұрақты өсіп келеді. Болжамдарға сәйкес 2030 жылға дейін төрт облыстағы тұрғындар саны саны 10%-ға – 3,1 млн-нан 3,4 млн адамға дейін өседі. Үкімет жаңа жұмыс орындарын құру қажет екенін ескермек. 2024-2030 жылдар кезеңінде еңбек нарығына шамамен 138 мың адам келеді деп күтілуде.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің деректері бойынша 2025 жылға дейін өңірлерді сумен қамтамасыз ету мәселесі толығымен шешіледі. Қазіргі таңда кәріз-тазарту құрылыстары бойынша жобалар іске асырылуда. Бозымбаев су, кәріз, электр және жылу желілерін жабдықтауды қаржыландыру, өңірлерде жол салуға басымдық беруді тапсырды.

Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының әлеуметтік-экономикалық дамуының шұғыл шаралар топтамасында өзекті мәселелерді шешу жолдары қарастырылады. Экологиялық проблемалар мен денсаулық саласына мамандар тартуға назар аударылады.

«Бізге Орал және Атырау қалаларының әуежайлары үшін ашық аспан мәртебесін кеңейте отырып, рейстер санын ұлғайту қажет. Ең жоғары жүктеме кезеңінде вагондардың маусымдық тапшылығын жою, халықаралық әуежайларды, теміржол вокзалдары мен стансаларды жаңғырту қажет. Ал ауылдық жолдардың сапа деңгейін 90%-ға дейін жеткізу керек»,– деп тапсырды вице-премьер.

Көктемгі су тасқыны кезінде батыс өңірдегі тұрғындар зардап шекті. Баспаналарын су басып, электр желілері үзілді. Автожолдарды су шайып кетті. Мұнай ұңғымалары су астында қалды.

Сондай-ақ оқыңыз