Жаңалықтар

Лукашенко «Шанхай ондығын» долларға тәуелді болмауға шақырды

Беларусь пен Ресей басшылары «ШЫҰ+» форматындағы жиынында қандай мәлімдеме жасады? / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Беларусь Президенті Александр Лукашенко ШЫҰ елдерін долларға тәуелділікті азайтуға шақырды. Беларусь тарапы ұлттық валютадағы екіжақты төлемдер механизмін және ШЫҰ-ның ұжымдық қаржы институтын құру мәселесін қарастырып жатқанын жеткізді. Ал Ресей басшысы Владимир Путин Украинадағы соғысқа қатысты тағы мәлімдеме жасады. Ол екі ел арасындағы қақтығысты шешу үшін келіссөзден Украина тарапы бас тартып отырғанын айтады.

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер доллардан бас тарта ма?

Беларусь Президенті Лукашенко ШЫҰ құрамында әлемдік алыптар – Қытай мен Ресей бар екенін айтып, «Шанхай ондығын» доллардан бас тартуға шақырды.

«ШЫҰ-ның барлық жан-жақты күн тәртібі бойынша практикалық өзара іс-қимылды күшейту керек. Мен қаржыдан бастауды ұсынамын. Беларусь басым мәселе ретінде ұлттық валютадағы екіжақты төлемдер механизмін және ШЫҰ ұжымдық қаржы институтын құруды қарастырады. Біз бәріміз, алыппыз, ұлымыз деп айтамыз. Біз халықтың 40%-на теңбіз. Доллармен есептегенде ІЖӨ-нің үштен бірі бізге тиесілі, құрамымызда ең ірі ең көшбасшы – Қытай мен Ресей Федерациясы бар. Алайда барлығымыз доллар десе қалтыраймыз. Нақты қадам жасап, бұл долларға азырақ тәуелді болудың қадамына көшейік. Сонда ғана «доллар шоқпарымен» айла-шарғы жасайтындар мұның одан әрі жалғаса алмайтынын түсінетінін көресіздер», – деп мәлімдеді Лукашенко «ШЫҰ плюс» форматындағы жиында.

Лукашенко Украинадағы соғысқа себеп тапты…

Сондай-ақ Лукашенко Ресей-Украина қақтығысына қатысты да пікір білдірді. Оның айтуынша, екі ел арасындағы соғысқа «Вашингтон –Лондон гегемониясы» себеп болуда.

«Вашингтон – Лондон гегемониясы әлемге өзінің жекеменшігі сияқты қарайды. Батыс, жердегі миллиардтаған адамның өміріне немқұрайлы қарайды. Олар тек өз дегеніне жету жолындағы құрал ретінде қарастырады. Міне, саяси экономияның нақ өзі. Бұл халықаралық қауіпсіздік саласындағы көптеген сын-қатерлердің басты себебі. Осы философияға салсақ, Украинадағы соғыстың себебі де осы», – деді ол.

Лукашенконың айтуынша, әлем соның кесірінен ауыр дағдарысты басынан кешуде. Ал Батыс болса басқа елдерді отарлап, пайдаланып жатыр деген пікірде.

Путин: Ресей Украинадағы жағдайды бейбіт шешуге дайын

Дәл осы жиында Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин де сөз сөйлеп, Украина шиелісіне тоқталды. Ол бейбіт келісімнен Ресей тарапы ешқашан бас тартпағанын мәлімдеді.

“Біз ШЫҰ мүше елдеріне АҚШ-тың дөрекі әрі авантюралық саясаты салдарынан туындаған Украина шиеленісін бейбіт жолмен шешуге және нақты ұсыныстар білдіргендері үшін алғыс білдіреміз. Ресей ешқашан бейбіт келісімнен бас тартқан емес, қазір де келіссөздерді жалғастыруға дайын. Келіссөздерден бас тартқан – Украина. Оның үстіне мұны ашық түрде Лондонның тікелей нұсқауымен жасады, өз шешімі жайлы көпшілік алдында жария етті. Яғни мұнда Вашингтонның да қатысы бары сөзсіз. Мұны Украинаның ресми тұлғалары ашық түрде айтты», – деді Ресей басшысы.

Осы орайда Путин Украина бойынша келіссөздер «Ыстамбұл келісімі» негізінде жүретінін мәлімдеді. Ол Ыстамбұл бейбіт келісімдері бұрын әзірленгенін, оның күші жойылмағанын айтты. Сонымен қатар Украинаның келіссөздер делегациясының басшысының өзі қол қойғанын еске салды.

«Демек, ондағы шарттар Украинаның  көңілінен шықты. Ыстамбұл келісімдері үстел үстінде қаралады және келешектегі бейбіт келіссөздерді жалғастыруға негіз бола алады», – деді РФ Президенті.

Айта кетейік, Астанада тәуелсіздік сарайында Қазақстан төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммиті өтті. Саммитте Беларусь мемлекеті ұйымының толыққанды мүшесі болды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ саммитінде ұйымның маңызды міндеттерін атады. Мемлекет басшысы әскери саладағы сенім туралы келісімдерді әзірлеуді және қабылдауды ұсынды. Еуразия құрлығындағы бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселесіне де айрықша мән берді.

Сондай-ақ саммитте Қазақстанның бұрынғы Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы болып сайланды.