Жаңалықтар

Экс-қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев ШЫҰ бас хатшысы болып сайланды

2023 жылдан бастап Нұрлан Ермекбаев ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары болды / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстанның бұрынғы Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы болып сайланды. Мұндай шешім Астанада өткен ШЫҰ саммитінде қабылданды. 

Бұл қызметті ол 2025-2027 жылдары атқаратын болады. Нұрлан Ермекбаев ШЫҰ бас хатшысы қызметін осыған дейін атқарған қытайлық саясаткер Чжан Миннің орнын алмастырды. Чжан Мин бұл лауазымға 2022 жылдың 1 қаңтарында келген болатын.

Ермекбаев 1963 жылы 1қаңтарда Шымкент қаласында дүниеге келген. Әр жылдары коммерциялық кәсіпорындарда, Сыртқы істер министрлігі құрылымында, ҚР Президентінің Әкімшілігінде қызмет етті.

Ол Ангола, Қытай, Австрия және Сингапурда түрлі лауазымдарды атқарды. Сондай-ақ бірнеше жылдар бойы Вьетнамда, Қытайда және Оңтүстік Кореяда елші болды. 2018 жылдың тамыз айында Нұрлан Ермекбаев ҚР Қорғаныс министрі болып тағайындалды. Арыс қаласындағы әскери бөлімдегі оқ-дәрі қоймаларында болған жарылыстан кейін ол Президенттен қатаң сөгіс алды.

2021 жылы Жамбыл облысындағы әскери қоймадағы өрт пен жарылыстан соң, отставкаға кеткен болатын. Ал 2023 жылдан бастап Нұрлан Ермекбаев ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары лауазымына тағайындалды.