Жаңалықтар

Путин ШЫҰ-ға мүше елдерге жеке төлем және есеп айырысу механизмін құру туралы ұсыныс жасады

Ресейдің ұйым мүшелерімен жүргізген коммерциялық операциялары 92 %-дан асты / Фото: aqorda_resmi

Ресей президенті Владимир Путин ШЫҰ мүше елдердің басшыларына жеке төлем және есеп айырысу механизмін құру туралы ұсыныс білдірді.

«2023 жылы ШЫҰ-ға мүше елдердің ЖІӨ-сінің орташа өсімі 5%-дан асты, өнеркәсіп өндірісі – 4,5%-ды, ал инфляция деңгейі небәрі 2,4%-ды құрады», – деп атап өтті Ресей президенті.

Владимир Путин ШЫҰ-ның мемлекеттері өзара есеп айырысуда ұлттық валюталарды пайдалануды ұлғайтып жатқанын атап өтті.  

 «Мысалы, Ресейдің ұйым мүшелерімен жүргізген коммерциялық операцияларындағы үлесі биылғы жылдың алғашқы төрт айында 92 пайыздан асты. Ресейдің ШЫҰ-да өзінің төлем-есеп айырысу тетігін құрумен айналысу туралы ұсынысын еске саламын», – деді Владимир Путин ШЫҰ саммиті барысында.

Еске салсақ, Астанада Қазақстан төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммиті өтуде. Саммитте Беларусь мемлекеті Шанхай ынтымақтастық ұйымына толыққанды мүше болды. Осылайша Шанхай ынтымақтастық ұйымына кіретін мемлекеттердің саны 10-ға жетті.

Айта кетейік, ШЫҰ саммитіне Қазақстан, Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь, Моңғолия, Әзербайжан, Қатар, БАӘ, Түркия және Түркіменстан мемлекеттері мен үкіметтерінің басшылары қатысуда. Саммитке сонымен қатар БҰҰ Бас хатшысы және ТМД, ЭЫҰ, АӨСШК, ҰҚШҰ, ЕЭК және АҚИҰ сияқты халықаралық ұйымдардың басшылары шақырылған. ШЫҰ саммиті алғаш рет «ШЫҰ-ға мүше Мемлекет басшылары кеңесінің отырысы» және «ШЫҰ+» кездесуі форматында өтуде.