Тоқаев ШЫҰ саммитінде Шанхай ұйымының маңызды міндеттерін атады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ саммитінде ұйымның маңызды міндеттерін атады. Сонымен қатар, әскери саладағы сенім туралы келісімдерді әзірлеуді және қабылдауды ұсынды. Еуразия құрлығындағы бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселесіне де айрықша мән берді.
Тоқаев ең алдымен әскери саладағы сенім шаралары туралы келісімді әзірлеп, қабылдайтын уақыт келді деп санайды. Бұл ретте «Шанхай ондығына» кіретін елдерді «үш зұлым күшпен» күресуге шақырды. Яғни, трансұлттық ұйымдасқан қылмыс, заңсыз есірткі айналымы және киберқылмысқа қарсы күреске баса мән беру керек деп атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев киберқауіпсіздікті күшейту Ұйымға мүше елдерге ортақ тағы бір маңызды міндет екеніне назар аударды. Бұдан бөлек, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердегі ақпараттық инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін ұдайы ақпарат алмасуға, үздік тәсілдер мен озық тәжірибелерді қолдануға бағытталған арнайы механизм әзірлеуді ұсынды.
Президент ШЫҰ аясында қандай ұсыныс айтты?
Президент әлемдік экономикада жағымсыз үрдістер белең ала бастағанына да тоқталды. Осы орайда, Қазақстанның экономикалық жеңілдіктер базасын құру туралы ұсынысы әлі де өзекті екенін жеткізді.
«Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша биыл жаһандық экономиканың өсім қарқыны бәсеңдейді. Әлем экономикасының өсіміне серпін беретін жаңа бағыт және мүлде басқа даму парадигмасы қажет екені анық. Сондықтан, біздің ойымызша, сауда-экономикалық кооперацияны кеңейту, капитал мен технологияның еркін қозғалысына жағдай жасау, климаттың сын-қатерлерімен күресу – Шанхай ұйымының маңызды міндеттері. Осы ретте ШЫҰ аясында Экономикалық жеңілдіктер базасын құру туралы Қазақстанның ұсынысы өзекті болып қала береді. Инвестициялық жобаларды талқылап, бекіту үшін бірыңғай алаң құру қажеттігі айқындала түсті. «Астана» халықаралық қаржы орталығының базасында Жобалық қызметті қаржымен қамтамасыз ету механизмін құруды ұсынамыз», – деді Президент.
Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымы бүкіл Еуразия құрлығындағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге кепіл болатындай айрықша мүмкіндіктерге ие екенін айтады. Президенттің айтуынша, Қазақстан «Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік туралы» ШЫҰ бастамасын жүзеге асыруды ұсынған. Бұл бастаманы барлық қатысушы елдер қолдады.
ШЫҰ мүше мемлекет басшылары қандай құжаттарға қол қойды?
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы барысында 25 құжатқа қол қойылды. Оның ішінде Астана декларациясы, терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл бойынша 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасын бекіту, ескірткіге қарсы стратегия, энергетика саласындағы 2030 жылға дейінгі стратегия сынды маңызды құжаттар бар.
Айта кетейік, келесі саммит Қытайда 2025 жылы өтеді. Қазақстаннан кейін Қытай Халық Республикасы Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық етеді.
Айта кетейік, ШЫҰ саммитіне Қазақстан, Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь, Моңғолия, Әзербайжан, Қатар, БАӘ, Түркия және Түркіменстан мемлекеттері мен үкіметтерінің басшылары қатысуда. Саммитке сонымен қатар БҰҰ Бас хатшысы және ТМД, ЭЫҰ, АӨСШК, ҰҚШҰ, ЕЭК және АҚИҰ сияқты халықаралық ұйымдардың басшылары шақырылған.
Саммитте Беларусь мемлекеті Шанхай ынтымақтастық ұйымына толыққанды мүше болды. Осылайша Шанхай ынтымақтастық ұйымына кіретін мемлекеттердің саны 10-ға жетті.