Операциялық табысы 15 есе артқан соң, Samsung акциялары да қымбаттады

Жарияланды

Жасанды интеллект саласының өркендеуіне орай, жад чиптеріне сұраныс көбейген соң, Samsung-тың табысы 15 есе артты / Фото: Shutterstock

Оңтүстік кореялық чип және электроника өндіруші Samsung Electronics сатылымның жылдам артып келе жатқанын және соңғы жылдардағы табысы жайлы айтты. Samsung-тың рекордтық көрсеткіштерге жетуіне жасанды интеллекті саласының өркендеуі мен жад чиптеріне сұраныстың артуы әсер етуде. Жақсы нәтижеге қарамастан, инвесторлар ЖИ-ге арналған жоғары жылдамдықты жад нарығында Samsung-тың Nvidia жеткізушісі SK Hynix-тен артта қалып келе жатқанына алаңдайды.

Толығырақ

Жад чиптерін шығаруда әлемдегі ең ірі өндіруші Samsung алдын-ала берілген деректерге сүйеніп, компанияның сәуір-маусым аралығындағы операциялық табысы жылдық мәнде 15,5 есе артып,  10,4 трлн вонға (7,5 млрд доллар) жеткенін хабарлады. Бұл – 2022 жылдың үшінші тоқсанынан бергі ең жоғары көрсеткіш деп жазды Financial Times.

Samsung-тың тоқсандық нәтижесі сарапшылардың 8,8 трлн вон болады деген консенсустық болжамынан әлдеқайда асып түсті. Сатылым өткен жылдың екінші тоқсанынан бері 23%-ға өсіп – 74 трлн вонға жеткен. Бұл 2021 жылдан – COVID-19 кезеңінен бері алғанда, рекордтық өсу. Samsung соңғы нәтижені әр бөлім бойынша жіктеп, 31 шілде күні жариялайды.

Сеулдегі саудада Samsung акцияларының бағасы 2,1%-ға өсті.

Контекст

Samsung-тың рекордтық көрсеткіштері көлемі 160 млрд доллар болатын компьютерлік жад нарығы пандемиядан кейінгі құлдыраудан соң, биыл қайта қалпына келіп жатқанын көрсетіп отыр. Жасанды интеллекті технологиясының өркендеуі дата-орталықтарға сұраныстың артуына ықпал етті. Осы сұраныс жад  чиптерінің бағасын 15%-ға көтерді деп жазды Bloomberg CLSA есебіне сүйеніп.

Осы аптада Оңтүстік Корея үкіметі маусым айында елдің жартылай өткізгіштерді рекордтық мөлшерде экспорттағанын хабарлады. Соның арқасында сауда балансының профициті 8 млрд долларға жетті. Бұл – 2020 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш.

SK Hynix пен Samsung арасындағы бәсеке

Samsung саланың қайта жандануынан мол табысқа кенеліп жатса да, инвесторлар ЖИ-ге арналған жоғары жылдамдықты жад чиптері нарығында компанияның SK Hynix-тен артта қалып қойғанына алаңдайды. Nvidia-ға  HBM3 чипі мен одан да озық HBM3e чиптерін жеткізе бастағалы, SK Hynix акцияларының бағасы күрт көтерілді. Samsung әзірге Nvidia-ны жылдам жасанды интеллектісіне өзінің чиптерін қолдануға көндіре алған жоқ.

SK Hynix жуырда ғана 2010 жылдан бергі ең жылдам өскен кірісін жариялаған болатын. Жасанды интеллект саласындағы өрлеу аясында, SK Hynix акциялары осы жылдың басынан бері 60%-ға қымбаттады. Ал Samsung-тың бағасы 8% ғана көтерілді.

Goldman Sachs осы аптада SK Hynix акцияларының мақсатты бағасын көтеріп, бір қағаз үшін 290 мың вон (210 доллар) деп белгіледі. Бұл акциялардың 25%-ға өсу мүмкіндігін білдіреді. Citigroup болса SK Hynix акцияларына қатысты таргетті бір қағазына 350 мың вон деп белгіледі, бұл 50% өсу мүмкіндігін көрсетеді.

Сондай-ақ оқыңыз