2024 жылдың І тоқсанында қонақ үйлер мен демалыс орындары 50,7 млрд теңгеге қызмет көрсеткен

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Қонақ үйлер мен демалыс орындары 50,7 млрд теңгеге қызмет көрсеткен. Фото: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

2024 жылдың І тоқсанында Қазақстандағы қонақ үйлер, демалыс орындары, хостелдер және басқа да орналастыру орындары 50,7 млрд теңгеге қызмет көрсеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18% көп. Бұл туралы Спорт және туризм минитсрлігі хабарлады.

Ал 2023 жылдың алғашқы үш айында еліміздегі орналастыру орындары 43,1 млрд теңгеге қызмет көрсеткен. Туристердің басым бөлігі Алматы, Астана қалаларына, сондай-ақ Алматы, Ақмола және Маңғыстау облысында тоқтаған.

Сондай-ақ орналастыру орындарының саны да көбейген. Қазір қонақ үйлер мен хостелдердің қатары 156 бірлікке артып, 4004-ке жетті.

«Қонақүйлер мен басқа да орналастыру орындарының ұсынған қызмет көлемінің ұлғаюы Қазақстанға туристік бағыт ретінде қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Біз туристік инфрақұрылымды дамытуды және елімізге келетін қонақтарға көрсетілетін қызметтің сапасын жақсартуды жалғастырамыз», – деді Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанның курорттық аймақтары 2024 жылдың қаңтар-наурыз айларында 766,6 мың адамға қызмет көрсеткен. Ал 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 63,1 мың адамға артық.

Осы кезеңдегі ең танымал курорттық аймақ –  Алматы тау кластері болған. Үш айда оған 551,9 мың адам келген. Екінші орын Щучье-Бурабай курорттық аймағына тиесілі. Бұл аймақта 69,1 мың адам демалған. Ал ең тамал курорттардың үштігін  Маңғыстау курорттық аймағы түйіндейді.

І тоқсанда бұл аймақтағы қонақүйлерге 57,5 мың келуші тоқтаған. Үздік бестікке сонымен қатар екі танымал курорттық аймақ – Түркістан туристік аймағы (26,1 мың адам) және Алтай курорттық аймағы (20,7 мың адам) енді.

Дүниежүзілік экономикалық форумның бағалауы бойынша Қазақстан туризм саласындағы іскерлік ортаны дамыту деңгейі тұрғысынан 119 елдің ішінде 70-орында тұр. Кейінгі төрт жылда экономика құрылымындағы туризмнің үлесі 3,7 пайыздан 3,2 пайызға дейін азайып кетті. Бұл әлемдегі орташа көрсеткіштен үш есе төмен.

Курорттық аймақтардың ішінде Алматыға туристерді тамаша табиғаты мен асқақ таулары тартады. Одан бөлек, белсенді өмір салты қызықтырады. Туристер Алматыда сан алуан тағамнан дәм татып, базарларында сауда жасағанды жөн көреді.

Сондай-ақ оқыңыз