Театр фестивалі, Индонезия музыкасы: Астанада «Елорда күнін» қалай атап өтеді
6 шілдеде Астана күні атап өтіледі. Мереке құрметіне елордада 100 жуық түрлі іс-шаралар өтеді. Қала тұрғындары мен қонақтарын концерттік бағдарламалар, фестивальдар, спорттық турнирлер және тағы басқалар күтеді. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.
5-7 шілде аралығында елордада «Еуразия театры» I Халықаралық көше театрларының фестивалі өтеді. Оған Эстония, Польша, Ресей және Қазақстан театр ұжымдары қатысады.
6 шілде күні сағат 11:00 және 15:00 қала шетіндегі саябақтарда елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған «Астана-жүрегім» концерттері өтеді. Мерекелік іс-шарада Мәди Қадыров, Гүлнұр Оразымбетова, Досымжан Таңатаров, Медет және Клара Салықовтар, Бауыржан Исаев және өзге де қазақстандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді.
Сағат 12:00 халықаралық театр фестиваліне қатысушылардың көше шеруі өтеді. Қала алаңынан басталған шеру Орталық саябақта аяқталады.
18:00 ЭКСПО алаңында Оpen AIR ашық аспан астында мерекелік концерт ұйымдастырылады. Онда Ninety one, Orda, Raim, Sadraddin, Kalifarniya, Nazima, Alpha, T’OI, Imzi, Kurmash Mahan, Jazzdauren және өзге әртістер өнер көрсетеді.
20:00 амфитеатрда Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония әртістерінің қатысуымен «Астана – арман қала» мерекелік концерті өтеді. Оған белгілі өнер қайраткерлері мен эстрада жұлдыздары: Майра Ілиясова, Қанат және Света Айтбаевтар, Арайлым Рақымқызы, Гүлнұр Оразымбетова, Зарина Омарова, Мұратбек Хайролда, Фарида Жолдасова, Әкімхан Мәженов, Алтыншаш Мұқатаева, DJ Dake және ALEM би балеті қатысады.
6, 7 және 8 шілдеде сағат 12:00-ден бастап қазақстандықтар үшін орталық саябақта «Мереке көшесі» жазғы жобасы жұмыс істейді. Мұнда шеберлік сыныптары мен ашық аспан астындағы кинотеатр болатын демалыс фестивалі болады.
7 шілдеде ЭКСПО алаңында домбыра күніне арналған мерекелік шоу-концерт өтеді. Кеш қонақтары: «Қорқыт» этно-фольклорлық ансамблі, Мade in KZ» тобы, Ибрагим Ескендір және «Алтын Домбыра» балалар шығармашылық орталығы, Assyl тобы, Qalifarniya, Qanay және өзге әртістер.
8 шілдеде «Жастар» сарайында сағат 19:00 Астана мен Нусантара бауырлас қалалар күнін мерекелеу құрметіне бірлескен мерекелік концерт өтеді. Іс-шарада Қазақстан мен Индонезияның дарынды әртістерінің дәстүрлі музыкасы шырқалады.
Елорда күніне орай спорттық-бұқаралық іс-шаралар жоспарланған. Олардың ішінде: «Жасай бер, жайна – Астанам!», «Толағай» республикалық турнирі, ат жарыс, «Елорда кубогы» бәйгесі.
2010-2011 жылы туған жасөспірімдер арасында бокстан Qazaq Arlany бокс клубының ашық республикалық турнирі, тірек-қимыл аппараты зақымданған адамдар арасында пауэрлифтингтен қала кубогы, Байқоңыр ауданының тұрғындары арасында волейболдан турнир, асық атудан «Астана сақасы» ашық турнирі.