"Жер сілкінісі ошақтарын 70% болжауға мүмкіндік береді": Үкімет 2028 жылға дейін сейсмикалық қауіпсіздік жоспарын қабылдады

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Жер сілкінісі ошақтарын 70% болжауға мүмкіндік береді / shutterstock, бильд-редактор: Артур Алескеров

2024-2028 жылдар аралығында Қазақстан аумағында жер сілкінісі болжайтын 285 сейсмикалық станса орнатылатын болады. Үкіметтің Сейсмология саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарына премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

«15 сейсмикалық аудандастыру картасы әзірленетін болады, бұл еліміздің сейсмикалық қауіпті өңірлеріндегі жер сілкінісі ошақтарының 70%-ын болжауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ олар аталған аумақтардағы ғимараттар мен құрылыстарды паспорттауға және жаңа құрылыс нормаларын әзірлеуге негіз болады», – делінген Үкімет хабарламасында.

Құжатқа сәйкес, 285 сейсмикалық станса орнату, сондай-ақ қолда бар 70 стансаны жөндеу және жарақтандыру көзделген. Бұл Алматы облысында және еліміздің басқа да сейсмоқауіпті өңірлерінде сейсмикалық қауіпті сапалы болжауға мүмкіндік береді.

Паспорттау ең осал құрылыс объектілерін анықтауға мүмкіндік береді, оларға қатысты бірінші кезекте сейсмикалық қауіптілігін төмендету шаралары қолданылады. Оның ішінде: сейсмикалық күшейту, құнды жабдықтарды қорғау немесе шығару, мақсатын өзгерту және басқалары бар.

ҚР ТЖМ «Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығы» ЖШС сейсмикалық станциялар желісімен 2024 жылғы 23 қаңтарда Алматы уақытымен 00 сағат 09 мин 02 сек жер сілкінісі тіркелді. 

Алматыда болған жер сілкінісінен 8 адам зардап шеккен. Жарақат алған үш адам тұрғын үйлердің 2 және 3-қабатынан секірген.

Сонымен бірге Алматы қаласы ТЖД тапсырысы бойынша 2023 жылдың соңына қарай зілзала жайлы ерте хабарлау автоматтандырылған жүйесінің 28 сейсмикалық стансасының құрылысы аяқталғанын хабарлады. Жоба кезең-кезеңмен жүзеге асқан. Яғни 2022 жылы 11 сейсмикалық станса салынса, 2023 жылы 17 сейсмикалық станса салынып біткен. Жер сілкінісін ерте хабарлау жүйесі қазір тәжірибелік пайдалануға берілген. Шетелдік тәжірибеге сәйкес, апробациялық кезеңнен өтіп жатыр және сынақ режимінде. Жүйе әлі алты ай сынақтан өтеді.

Сондай-ақ оқыңыз