Қазақ тілі мен тарихын білмейтіндерге Қазақстан азаматтығы берілмей ме? Ғылым және жоғары білім министрлігі жаңа ереже әзірледі

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Қазақстан азаматтығын алу үшін арнайы тест тапсыру керек / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ғылым және жоғары білім министрлігі Қазақстан азаматтығын алу үшін қазақ тілі, тарих және Конституция бойынша емтихан тапсыру ережесін әзірледі. Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланды.

«Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау немесе азаматтығын қалпына келтіру кезінде білім деңгейін анықтау мақсатында шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар тестілеуден өтеді», – деп жазылған құжатта.

Емтихан тест форматында жүргізіледі және 100 сұрақтан тұрады:

  • Қазақ тілі бойынша 60 сұрақ (20 – тыңдалым, 40 – оқылым);
  • Конституция бойынша 15 сұрақ;
  • Қазақстан тарихынан 25 сұрақ.

Азаматтық алу үшін кем дегенде 60 балл жинау керек:

  • тыңдау – кемінде 12 ұпай;
  • оқу – кемінде 24 ұпай,
  • Конституция – кемінде 9 балл;
  • тарих – кемінде 15 балл.
  • Жалпы сынақ уақыты 2 сағат 10 минут. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қосымша 30 минут беріледі.

Төмендегі тұлғалар сынақтан босатылады:

  1. кәмелетке толмағандар;
  2. әрекетке қабілетсіз тұлғалар;
  3. Қазақстанға сіңірген ерекше еңбегі немесе қажетті кәсібі бар тұлғалар;
  4. этникалық қазақтар;
  5. халықаралық шарттар бойынша азаматтықты жеңілдетілген алу құқығы бар адамдар.

Тестілеуге өтінімдер белгілі бір кезеңдерде қабылданады:

  • 10 қаңтардан 20 қаңтарға дейін;
  • 10 сәуірден 20 сәуірге дейін;
  • 10 шілдеден 20 шілдеге дейін;
  • 10-20 қазан аралығында.

Бұған дейін Қазақстан азаматтығын алу тәртібі өзгергенін хабарладық. Құжатта мемлекеттік тіл мен Қазақстан тарихын білмейтін азаматтардың өтініші қабылданбайтыны жазылған. Олар қазақ тілін қарапайым деңгейде білу керек. Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау тәртібіне сәйкес азаматтық алғысы келетіндер арнайы құжаттармен бірге мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде, Қазақстан Республикасы Конституциясының негіздерін және Қазақстан тарихын білу туралы сертификат тапсыруы керек болады.

Сондай-ақ оқыңыз