Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры 200 млрд теңге қаражатын жеке компанияларға сенімгерлік басқаруға бермек

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Активтерді жеке басқаруға беру отандық бағалы қағаздар нарығына тың серпін бере ме? / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

Ұлттық Банк «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ активтерін жеке басқарушы компанияларға сенімгерлік басқаруға беру процесін бастады. Осыған байланысты Алматыда бірнеше басқарушы компания өкілдерінің қатысуымен тиісті келісімдерге қол қою рәсімі өтті.  

Қаражаттарды сенімгерлік басқаруға беру реттеушінің бағалы қағаздар нарығын дамыту және еншілес ұйымдардың активтерін басқарудан біртіндеп арылу стратегиясы аясында жүзеге асырылмақ.

ҚДКБҚ төрағасы Әділ Өтембаевтың айтуынша, Қор тиісті тәуекелдерге баға беріп, оларды сараптаудан өткізіп, жеке басқарушы компаниялар үшін инвестициялық саясатты әзірлеген. Соған сәйкес Қордың активтері ең сенімді қаржы құралдарына ғана инвестицияланады.

«Мысалы, Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен халықаралық қаржы ұйымдарының облигациялары. Оларды өтеу мерзімі 3 жылға дейін. Сондай-ақ кері РЕПО операцияларын айтуға болады. Енді осы бағдарлама активтердің табыстылығын арттыра түседі деген үміттеміз. Қор үшін басты міндет – арнайы резервтің қаражаттарын сақтау және олардың жоғары өтімділігіне қолдау көрсету», – деді ҚДКБҚ төрағасы.

Әділ Өтембаевтың айтуынша, жеке басқарушылар алдында белгіленген эталондық портфельдің (бенчмарктың) табыстылық көрсеткішін арттыру мақсаты қойылған. Тәуекелдер туындаған жағдайда шартта ҚДКБҚ үшін оны біржақты ретпен бұзу мүмкіндігі қарастырылған.

Баспасөз мәслихаты барысында Әділ Өтембаев қор неліктен қатысушы банктердің депозиттік мөлшерлемелері бойынша толық талдауды жариялауды тоқтатқанын айтты.

«Біз бұл талдауды банктердің веб-сайттарына жүргізілген мониторинг негізінде жарияладық. Оны аздап кідіріспен жариялаймыз, яғни күн сайын қзгеріс енгізе алмаймыз. Банктер біз ақпарат жариялаған тұста өзгерістер енгізетін жағдайлар болды. Сондықатн банктермен бұл талдауды түзету керек пе деген даулар болды. Осыған байланысты депозиттік мөлшерлемелері бойынша толық талдауды ұсынбадық, – деді Өтембаев.

Өз кезегінде бас банк Монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов Ұлттық Банк бастамасы бойынша Қазақстан қор биржасы алаңында ҚДКБҚ активтерін индекстік басқару мақсатында мемлекеттік бағалы қағаздар индексі әзірленіп, іске қосылғанын атап өтті.  

«Елімізде тұңғыш рет жергілікті бенчмарк базасында ҚДКБҚ сынды ірі институционалды инвестордың активтеріне халықаралық тәжірибеде кеңінен пайдаланылатын индекстік тәсіл қолданылады. Ол Қазақстан қор биржасының алаңында енгізілген. Активтерді жеке басқаруға беру отандық бағалы қағаздар нарығына тың серпін береді деп сенеміз. Сонымен қатар бұл жеке басқарушыларға берілетін активтердің көлемін арттырады», – деді Нұржан Тұрсынханов.

Бүнгінде ҚДКБҚ арнайы резервіндегі активтерінің мөлшері 1,2 трлн теңгені құрайды. Алғашқы кезеңде жеке компанияларға 200 млрд теңге беріледі. Әрі қарай активтерді беру жеке басқарушы компаниялардың тиімділік көрсеткішіне байланысты. Егер бұл тімді болса активтерді беру кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

Активтерді жеке басқарушыларға беру барысында қаржы ұйымдары тарапынан қосымша қадағалауды жүргізу арқасында тәуекелдер барынша азайтылады. Айта кетейік, қадағалаушы қаржы ұйымдары активтерді есепке алуды және сақтауды қамтамасыз етеді және жеке басқарушылардың инвестициялық саясат талаптарын қаншалықты орындайтындарына бақылау жүргізеді.  

Айта кететіні активтер Қорға тиесілі. Алайда олардың басқарушысы – Қазақстан Ұлттық банкі.

Еске сала кетсек, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры банк лицензиясынан айырылған жағдайда қаржы ұйымы салымшыларына кепілді өтемақы төлейді. Оның көлемі жинақ түріне қарай жіктеледі. Мәселен, теңгелік жинақ салымдар бойынша – 20 млн теңгеге дейін. Ал теңгедегі өзге депозиттер, шоттар және карточкалар бойынша – 10 млн теңге. Шетел валютасындағы депозиттер, карточкалар және шоттар бойынша 5 млн теңгеге дейін өтемақы төленеді.

Сондай-ақ оқыңыз