ҚТЖ Алматы темір жол бекетінде қолдан билетке сұранысты көбейту, жасырын жолмен қайтадан сату бойынша деректі анықтады. Билеттерді делдалдар жолаушыларға қымбатқа сатқан. Бұл жайында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.
«Алматы-1 теміржол вокзалында билеттерді заңсыз қайта сату және темір жол билеттерінің жасанды тапшылығын жасау фактілері анықталды. Билеттерді қайта сату схемасына жеке касса қызметкерлері мен олардың делдалдары қатысқан», – делінген хабарламада.
Жолаушылар билеттерді заңсыз қайта сатылып жатқаны жөнінде жиі шағымданады. Осыған байланысты қоғамдық бақылауға азаматтар мен БАҚ өкілдерін тартқан.
ҚТЖ тергеу материалдарын құқық қорғау органдарына жолдады. Тергеп-тексеру барысында темір жол бекеті басшысы қызметінен уақытша шеттетілді. Қазіргі уақытта оның лауазымына сәйкестігі туралы мәселе қарастырылуда. Жеке касса жұмысы тоқтатылған.
Компания тексеріс жұмысы елдегі барлық вокзалда өткізілетінін мәлімдеді.
Жоғарғы аудиторлық палатасының басшысы Әлихан Смайылов «Қазақстан темір жолы» компаниясын сынға алды. ҚТЖ мемлекет тарапынан берілген қомақты инвестицияға қарамастан, қарызы ұлғайғанын айтты. Компанияның өз міндеттемелерін толық төлеуге қабілеті жоқ және кредиттік тәуекелдің «қызыл» аймағында тұр. Оның борышы биыл жыл басында 2,9 трлн теңгеге жеткен және әлі де өсуде.
Halyk Finance сарапшылары салалық реформа 1990 жылдардың аяғында басталғанын және ол «Қазақстан темір жолын» коммерцияландыруға және қайта құрылымдауға бағытталғанын айтады. Бірақ әлемдік қаржы дағдарысынан кейін мемлекеттің араласуы нарықтық реформалардың тоқтап қалуына себеп болған.
Компанияның шектеулі бюджеті теміржол саласының тозығы жеткен жағдайда да қажетті өзгерістер енгізуге мүмкіндік бермейді. Өз кезегінде, «Қазақстан темір жолының» реформалары еш өзгеріс әкелмеген.