Жаңалықтар

167 млн теңгені қолды етіп, халықты алдап кеткен қазақстандық әйел Армениядан экстрадицияланды

Күдікті қаржы пирамидасын басқарған / Коллаж: kursiv.media  бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қырыққа жуық адамды алдап, 167 млн теңгеден астам қаражаттарын қолды еткен қазақстандық әйел ұсталды. Бас прокуратура және Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері Қазақстанның Армениядағы елшілігінің көмегімен қаржы пирамидасын басқарған Қазақстан азаматшасын қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін елге экстрадициялады.

Бас прокуратураның хабарлауынша, 2019-2021 жылдар аралығында күдікті Қостанай облысындағы Finiko қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқарған. Нәтижесінде жалпы сомасы 167 млн теңгеден астам сомаға қырыққа жуық жәбірленуші алданған.

Қылмыстық топқа қатысушылардың бір бөлігі бұрын түрлі қылмыстар жасағаны үшін сотталған. Қылмыс жасалғаннан кейін күдікті Арменияда жасырыныпты. Десе де ол сол елде ұсталды.

Қазір күдікті Ақтау қаласының тергеу изоляторына қамауға алынды.

«Айып тағылған қылмысты жасағаны үшін 7 жылға дейінгі мерзімге белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген»,-делінген Бас прокуратураның баспасөз қызметі тартқан ақпаратта.

Осыған дейін ірі мөлшерде алаяқтық жасады деген күдікпен он жыл бойы іздеуде жүрген қазақстандық Біріккен Араб Әмірліктерінен елге жеткізілген еді. үдікті 2010 жылдың қазан айында жәбірленушіден АҚШ-тан «Роллс-Ройс»маркалы автокөлікті жеткізіп беруге уәде беріп, 50 млн теңгеден астам ақшасын алған. Ірі мөлшердегі ақшаны қалтаға басқан соң, бой тасалап қашып кеткен.

Сондай-ақ Бас Прокуратура «Plus Capital» қаржы пирамидасын құрып, халықты 3 млрд теңгеге алдаған қылмыстық топ мүшесінің Грузиядан экстрадицияланғанын мәлімдеген болатын. Күдікті 2020 жылы қылмыстық топ құрып, Маңғыстау облысында «Plus Capital» қаржы пирамидасын ұйымдастырған. Солайша 600-ден астам салымшының жалпы сомасы 3 млрд теңгеден астам ақшалай қаражаты, жылжымалы және жылжымайтын мүліктерін заңсыз иемденген деп айыпталып отыр.