Қазақстанда уақытынан кешіккен пойыздар үшін өтемақы үш есеге көбейіп, ол электронды агрегаторлар арқылы төленуі мүмкін

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Уақытынан кешіккен пойыз үшін жолаушыға 10% өтемақы төленуі мүмкін / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Енді қазақстандық жолаушылар пойыздың әр кешіккен сағаты үшін билет құнының 10%-ы мөлшерінде өтемақы алуы мүмкін. Үкімет басшысы Олжас Бектенов өтемақы құнын көтеру мәселесі қарастырылып жатқанын жеткізді.

Премьер-Министр Сенаторлардың депутаттық сауалына жауап берді. Олжас Бектеновтың мәлімдеуінше, қазіргі уақытта жолаушылар пойыздарының кешіккені үшін өтемақы төлеу процесін жеңілдету мәселесіне көңіл бөлген. Өтемақыны электрондық агрегаторлар (bilet.railways.kz, Kaspi.kz, Halyk Travel, Aviata және т. б.) арқылы төлеу мүмкіндігі пысықталып жатқанын хабарлады.

«Бүгінгі таңда өтемақы сомасының мөлшерін 3 %-дан 10 %-ға дейін ұлғайту мәселесі қарастырылуда. Аталған мәселелер Үкіметтің тұрақты бақылауында және тиісті жұмыс жалғасатын болады», -делінген Үкімет басшысының депутаттарға берген жауабында.

Бектенов жолаушылар пойыздары вагондарының паркін жаңартуға қатысты да мәселе назардан тыс қалмағанын жеткізді. Үкімет басшысы келтірген мәлімтке сенсек, бүгінде жолаушылар вагонының жалпы паркі 2667 бірлікті құрайды. Оның  2 151-і ҚТЖ иелігінде болса,  516-сы жеке тасымалдаушыларға тиесілі.

«2023 жылы жолаушылар вагондарының паркін жаңарту бойынша жүргізілетін жұмыстар шеңберінде 118 жолаушылар вагоны жеткізілді(«ҚТЖ» ҰК» АҚ – 102 бірлік, жеке тасымалдаушылар – 16 бірлік), маршруттағы анағұрлым ескірген (Астана-Семей, Қызылорда-Семей, Павлодар-Түркістан Петропавл-Алматы) вагондар құрамы жаңартылды. Ағымдағы жылы 140 жолаушылар вагонымен(«ҚТЖ» ҰК» АҚ – 130 бірлік, жеке тасымалдаушылар – 10 бірлік) бірқатар маршруттарды жаңарту жоспарланып отыр»,-деп хабарлады Үкімет басшысы.

ҚТЖ ескі вагондардан 2030 жылы толық құтылмақ

Осыған дейін ҚТЖ-ның еншілес ұйымы – «Жолаушылар тасымалы» АҚ Бас директоры Жәнібек Тайжанов терезесі ашылмайтын, не желдеткіші, не биотуалеті жоқ ескі вагондардан ҚТЖ 2030 жылы толық құтылатынын мәлімдеген болатын.

Тайжанов ҚТЖ иелігінде қолданылып келе жатқанына 28 жылдан асқан 600 вагон бар екенін айтады. Зауыттан шыққанына 30 жылға жуықтап қалған вагондар жеке тасымалдаушы компанияларда да бар. 

Вагондар зейнетақы қорының қаржысына сатып алынады

2024 жылдың қаңтарында Ұлттық Банк «Бәйтерек» холдингінің облигацияларына 173 млрд теңге зейнетақы активтерін салған болатын. Бас банк бұл қаржы экономиканың нақты секторындағы ұзақмерзімді ірі жобаларды қаржыландыруға жұмсалатынан атап өтті. Ал «Бәйтерек» холдингі тартылған қаражатты көлік инфрақұрылымы саласындағы жобаларына жұмсайтынын мәлімдеді. Атап айтқанда, жолаушылар және жүк вагондарының ескірген паркі жаңартылмақ. Кейіннен бұл қаражатқа 3,3 мың вагон сатып алынатыны белгілі болды. Үкімет кулуарында Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров әрбір жүк вагонының құны 30-35 млн теңге, ал жолаушылар вагонының құны 700-800 млн теңге болатынын мәлім еткен.

Қарызға батқан ҚТЖ

Жақында Жоғары аудиторлық палата ҚТЖ қызметіне жүргізген аудит қорытындысын жариялады. Жоғары аудиторлық палата басшысы Әлихан Смайыловтың айтуынша, компания дефолт алдында тұр. Өйткені ҚТЖ-ның өз міндеттемелерін толық төлеуге қабілеті жоқ және кредиттік тәуекелдің «қызыл» аймағына өткен. Оның борышы биыл жыл басында 2,9 трлн теңгеге жеткен және әлі де өсіп жатыр.

Дегенмен сарапшылар Қазақстанның теміржол саласына шұғыл реформа жүргізу керек деп тұжырымдайды. Олар Үкімет Қазақстандағы теміржол саласының мәселелерін шешу үшін нарықты монополиядан арылту қажетін алға тартып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз