Қытай ет қауымдастығы Қазақстаннан жылына 20 мың тонна шошқа етін импорттауды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек қой мен сиыр етіне де қызығушылық танытты. Ал қазақстандық «EMC Agro» компаниясының өнеркәсіптік кешені Қытайға шығарылатын өнімнің 60% -ға жуығын жеткізуге дайын екенін жеткізді.
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 24-ші отырысы аясында Қытай ет қауымдастығының өкілдері Солтүстік Қазақстан облысындағы «EMC Agro» өнеркәсіп кешенінде болды.
Қонақтарға мал союдан бастап одан әрі ішкі нарыққа шығару үшін өлшеп-орауға дейінгі барлық өңдеу циклі көрсетілді. Қытай тарапы барлық процесстің автоматтандырылған және халықаралық санитарлық-эпидемиялық талаптарға сәйкес келетініне куә болды. Кәсіпорынның жұмысымен танысқаннан соң, тараптар ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Бұл орайда Қытайдың ет қауымдастығы жылына 20 мың тонна шошқа етін импорттауға қызығушылық танытты. «EMC Agro» компаниясы да Қытайға шығарылатын өнімнің 60% -ға жуығын жеткізуге дайын.
«Қазақстан – мүмкіндіктерге толы ел. Бүгінде Қытай ет қауымдастығына кіретін компаниялардың бірі жергілікті кәсіпорыннан шошқа етін сатып алуды жоспарлап отыр. Әңгіме жылына 20 мың тонна туралы болып отыр. Бірақ біз қой мен сиыр етіне де мүдделіміз. Сондай-ақ қазақстандықтарға мал шаруашылығын дамытуда және ірі және ұсақ мал етін Қытайға экспорттауда көмек көрсету үшін өз тәжірибелерімен бөлісуге дайынбыз», – деп атап өтті Қытай ет қауымдастығының сиыр етін импорттаушылар және экспорттаушылар клубының президенті Ма Гуаншэн.
«ЕМС Аgro» компаниясының басшысы Ержан Елеубаев еттің жоғары сапалы болатынына кепілдік беретінін жеткізді.
«Қытайлық бизнес-қоғамдастық өкілдері бірлескен перспективалы жобаларды іске асыруға үлкен қызығушылық танытып, қазақстандық серіктестермен табысты ынтымақтастыққа үмітті. Қытайдың талаптары жоғары екенін түсіну керек. Жеткізу көлемі тұрақты, шикізат қауіпсіз болуы тиіс. Біздің етіміз жоғары сапалы, біз өз өнімімізге күмән келтірмейміз, жемісті ынтымақтастыққа дайынбыз. Көрші нарық біз үшін маңызды», – деді өз кезегінде «ЕМС Аgro» компаниясының басшысы Ержан Елеубаев.
Қытай ет қауымдастығы ҚХР-дағы ет өндіру және тарату бойынша ең ірі ұлттық бірлестік және оған 1300-ге жуық мүше кіреді.
Ал, «EMC Аgro» – Қазақстандағы ірі ет өңдейтін кәсіпорындардың бірі. Кәсіпорын түпкі тұтынушы үшін жоғары сапалы, экологиялық таза өнім өндіру мен жеткізуге және еліміздің ет нарығындағы сұранысты толық қамтамасыз етуге бағытталған. Ет комбинатының өндірістік қуаты жылына 20 мың тонна ет және тәулігіне 30 тонна дайын өнім шығаруға мүмкіндік береді.
Еске сала кетсек, Қазақстан Қытайға ет экспорттауды қайта жандандыратыны жайлы ақпанда хабарланды. Бұл елге құс шаруашылығы өнімдерін әкелуге 2005 жылдан бастап тыйым салынған. Ал аусыл бойынша шектеулер 2022 жылы енгізілген еді. Шектеулерді алып тастау ҚР оңтүстік-шығыс өңірлерінен Қытайға мұздатылған сиыр және шошқа етін, сондай-ақ, құс шаруашылығы өнімдерінің кең ауқымда экспорттауды қайта бастауға мүмкіндік бермек.
Сонымен бірге экспортқа шығарылатын мал басына «Е-лицензиялау» порталы арқылы квота берілетіні туралы да «Курсив» жазған. Оған сәйкес, АШМ ірі қара және ұсақ малдарды экспорттауға алты ай мерзімге сандық квота енгізеді. Шектеулер Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне қатысты да қолданылады. Бұйрық күшіне 2024 жылдың 2 ақпанынан бастап енеді.