Әлеуметтік желілер шағын және микробизнесті ілгерілету құралына айналды

Жарияланды (жаңартылды )

Шағын және микрбизнес иелеріне әлеуметтік желіге шығу үшін қанша уақыт және ақша қажет, шағын кәсіпкерлер өзі контент жасаумен айналыса ала ма және Instagram міндетті түрде керек пе?

 Фото: shutterstock

«Егер бірдеңе сатып алғымыз келсе немесе әлдеқандай қызмет түрін қажет етсек, Google емес, Instagram-ды қараймыз, Қазақстанда қазір сондай жағдай қалыптасты», – дейді Qamalladin University жылдам мамандық алу университетінің  продюсері Анжелика Кутина.

QM meta медиа компаниясының бас директоры Шынар Сапар бұл қатып қалған заңдылық емес деп отыр. Оның ойынша, кез келген брендке әлеуметтік желіге шығу пайдалы, бірақ міндетті шарт емес. «Ресми парақша киім және аксессуар дүкендеріне, сұлулық және СПА салондарына, кондитерлік өнімдерге, тамақтану орындарына, фитнес-залдарға қажет, яғни тез байланыс орнатуға және өнімдерін көрсетуге қажеттілік бар шағын және микробизнес түрлері үшін бұл маңызды. Киім және техника жөндеу шеберханалары, СТО мен минимаркеттер, дәріханалар әлеуметтік желі жүргізбесе де болады – олардың аудиториясына мекеменің жақын жерде орналасқаны маңыздырақ.  Мұндай бизнес иелері ауқымды және көрнекті маңдайша ілуге, сауда жақсы жүретін орын табуға, навигациялық картаға жарнама қоюға ақша жұмсағаны абзал», – дейді ол.

«Курсив» жарнама және әлеуметтік желіні дамытумен айналысатын сала өкілдерінің пікірі мен шағын және микробизнес иелерінен тәжірибеде қолданып жүрген тәсілдерін сұрап-білді.

Өзіңе өзің режиссер бола алмайсың

Анжелика Кутина шағын және микробизнеске тіпті бюджеті аз болса да, тым болмаса аутсорс ретінде SMM-маманы  керек екенін айтады. Бұл көзқарасын ол былай деп түсіндіреді: кәсіпкер пост жазып, рилс түсірді, сосын оның жазбасы не рилсі кең аудиторияға таралып кетті делік. Болашақ клиенттердің назарына бір іліккен соң, енді олардың қызығушылығын тұрақты ұстап қалу қажет. Соның нәтижесінде олар брендке мән беріп, ары қарай парақшаға жазылады. Міне, дәл осы тұста, SMM маманы тұтынушының назарын қалай ұстап тұруды алдын ала ойластыруы тиіс.

 «Лентадан роликті кездейсоқ көріп қалған адам ары қарай қайда барады, тұтынушының сол жол картасын SMM-менеджер көре білуі қажет. СММ-ші бұрын бұл бизнесті және оның тауарларын білмейтін адам парақшаға алғаш кіргенде бәрін танып-білуіне, ары қарай әрекет жасауына ыңғайлы болатындай етіп толтыруы тиіс. Мысалы, клиенттерге жиі сұрақ қою арқылы адамның сатып алуға шын ниетінің бар-жоғын анықтауға болады. Taplink немесе Qtap, «Байланысқа шығу» батырмалары арқылы қолданушы хабарлама жаза алады немесе қоңырау шалады. Мұның бәрі ақыр аяғында клиентті сатып алуға дейін жетектеп келуі тиіс», – дейді Кутина.

Ешкі сүтінен жасалатын өнімдер ұсынатын Galamilk кәсіпорнының негізін қалған Жұлдыз Қожаханова компанияға арнайы SMM-менеджерді жұмысқа алған. Сондай-ақ ол екі-үш айда бір рет суреттер қорын жаңарту немесе жаңа өнімді таныстыру үшін фотосуретші жалдайды. Брендті онлайн арқылы ілгерілетуге ақша айналымының шамамен 1%-ы жұмсалады.

Гүл сату нарығында бәсеке аса жоғары болғандықтан, «Луг» авторлық флористика студиясының негізін қалаған Гүлния Райымбекова таргетологты штаттық режимде жұмысқа алған. Ол әлеуметтік желіге тұрақты таргет жіберіп отырады, оған қоса айына бір-екі рет кәсіби фото суретшінің, видеографтың көмегіне жүгінеді. Флористика бизнесін ілгерілетуге кірісінің шамамен 30%-ын жұмсайды екен.

Неғұрлым көп болса, соғұрлым жақсы ма?

Флористика бизнесінің Instagram парақшасына күн сайын 10 сторис шығады. Ал лентада екі күнде бір рет пост жарияланады. «Лугтың» инстаграм парақшасы – оның бизнесін елге танытып отырған негізгі құрал.

Парақшасына тек ірі пландағы гүл шоқтарының суретін сала беретін бәсекелестерден ерекшелену үшін «Луг» аккаунтында түрлі локацияда гүл ұстап түскен модельдердің суретін жариялайды. Ал Galamilk-ке парақша тұтынушыларымен ұзақмерзімде байланыс орнатып, олардың назарын ұстап тұру үшін қажет.

Бұл аккаунт өнімді жасау процесін жиі көрсетеді. Парақшаның оқырмандары ешкілерді қандай жерде және қалай бағатынын көре алады. Galamilk аккаунтында сторис пен жазбалар аптаның бес күнінде шығып тұрады. Күніне кем дегенде 5-6 сторис салынады. Анжелика Кутинаның айтуынша, контентті тұрақты салып отыру керек, әйтпесе «қазір бәріміз жарнамалық соқырлыққа шалдыққанбыз, таңертең бір reels көрсек, түске дейін оны ұмытып үлгереміз».

«Егер үш күн бойы парақшаға ештеңе салмасаң,  ол аудитория назарынан тыс қалады, бірден ұмытылып қалады», – дейді ол.

Оның үстіне қазір Instagram алгоритмі басқаша жұмыс істейді. Бұрын әлеуметтік желі қолданушылары өзі жазылған парақшаны ғана көретін болса, қазір Reels лентасындағы кездейсоқ видеолар назарға көбірек ілінеді.

«Демек сенің аккаунтыңа жазылған адамдар сенің ғана контентіңді көріп отырады деген сөз емес. Жазылушыңа үнемі сенің контентің көріне бермейді. Мысалы, бір күнде үш reels салып, соның біреуі сәтті шығып, ұсыныстар лентасына қосылса ғана жұрттың назарына ілігеді», – дейді продюсер.

Жеңіл және креативті контентті жазылушылардың көп қарайтынын кәсіпкерлердің тәжірибесі көрсетіп отыр. Бірде Райымбекова арнайы кампания ұйымдастырды – ол көпшілік орынға «Егер сізге ешкім гүл сыйламаса, бір гүлді өзіңіз алыңыз» деген жазуы бар плакат іліп қойды.

Осы жарнамаға жақын келіп, түрлі эмоция білдірген адамдарды түсірген reels-ке әлеуметтік желіде көп жазылушылар жағымды пікір білдірді. Galamilk-тің иесі бизнес-парақшасында бастапқы үш секунды ерекше жарқын түсірілген видеолар көбірек қаралатынын айтады.

Мысалы, «Сіз педиатрлар бас тарту қажет дейтін нәрселерді білесіз бе?» деген сұрақтан басталатын видеолар адамның назарын тез аударады. «Луг» аккаунты да аудиторияның пайдалы кеңестерге қызығатынын сәтті пайдаланады және гүлге дұрыс күтім жасау жөніндегі жазбаларды тұрақты жариялап отырады.

Брендке кімнің бейнесі көмектеседі?

Анжелика Кутина шағын және микро бизнес кәсіпкерлеріне жеке брендті дамытуға кеңес береді. «Егер адам өзінің көзқарасы мен құндылықтары жайлы айтып отырса, қалай өмір сүретінін, бизнестің ішкі жақтарын ашып көрсетсе – аудиторияның оған деген сенімі артады».

«Коммерциялық аккаунтта сіз адамды қандай да бір құндылықтарыңыз арқылы қызықтыра алмайсыз», – дейді Qamalladin University продюсері. Жұлдыз Қожаханова да Galamilk парақшасына өзі контент жасай бастаса, қаралым көбейетінін байқаған.

«Instagram-ға өзім атсалыса бастасам, солай аудиторияның қызығушылығы артады. Кейбір әдемі түсіріліп, өңделген суреттен гөрі, кейде менің қалай болса солай түсірген видеом көбірек қаралым жинайды», – дейді ол. Солай болса да, Жұлдыз Қожаханова Instagram парақшасы арқылы жеке брендін жасауға ұмтылмайды. Брендін жарнамалауды 10 мың жазылушысы бар микро инфлюенсерлерге сеніп тапсырады. Оның пікірінше, басты критерий – құндылықтардың сәйкес келуі.

Galamilk негізінен салауатты өмір салтын ұстанатын жандармен, денсаулық жөніндегі кеңесшілермен, нутрициологтармен «дос». Ragout дұрыс тамақтану жобасының аккаунты (өзінің жеке өндірісі бар дұрыс тамақтану дүкені) блогерлер Альмира Орлова мен Әсел Машанованың арқасында қарқынды дамыды.

«Бастапқы сатып алушылар негізінен Әсел екеуміздің жазылушыларымыз болды. Микро блогерлер арасында біздің «достарымыз» бар, бірақ олар біздің клиенттеріміз, біз ешкімге арнайы ақы төлемейміз, пікір сатып алмаймыз», – дейді Альмира Орлова.

«Біздің блогерлердің reels-пікірі клиенттерге өтімді, өйткені олардың өмірі де тұтынушыларымыздың өміріне ұқсайды. Сондықтан олардың ұсынған дүниесіне аудитория сенеді», – деп жалғастырады ол.

Өзі блогер бола тұра, Орлова аудиториясы адал, конверсиясы жақсы және тиімді жарнама жасай алатын инфлюенсер табу қиын екенін айтады.

Оның үстіне,  Ragout сияқты шағын жобаға бір сториске 500 мың теңге төлеу қымбатқа соғады, ал бартерге, яғни пайдалы тамақты тегін алып жұмыс істеуге блогерлер келісе бермейді.

Сондай-ақ оқыңыз