Ұлттық статистика бюросы Қазақстанда Астана есімен аталған қанша адам барына қатысты мәлімет жариялады.
Бюро ұсынған дерекке сенсек, елімізде Астана есімді 24 адам тұрады. Олардың басым бөлігі ерлер – 17 адам.
Мұндай есімі бар қазақстандықтарды Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан және Жетісу облыстарында, сондай-ақ Астана, Алматы, Шымкент қалаларында кездестіруге болады.
Сондай-ақ Астана атауын қамтитын өзге де есімдер бар. Бұлар – Астанабек, Астанадин, Астанай, Астанақұл, Астанали, Астанахан, Астанат, Ерастанахан, Нұрастана, Саммидастана, Элин Астана, Ару-Астана.
Астанада халық саны 1,5 млн адамға жуықтады
Ұлттық статистика бюросы мегаполис халқының саны, астаналықтардың өмір сүру ұзақтығы және қаладағы ерлер мен әйелдердің саны туралы мәліметтерді де жариялады.
Бюро мәліметінше, 2024 жылғы 1 маусымда халық саны 1 464 415 адамға жеткен, оның 96 234-і ер адам, 768 181-і әйелдер.
«2023 жылы Астанада туылған кездегі өмір сүру ұзақтығы жалпы алғанда 78,09 жасты, ерлер үшін 74,23 жасты, әйелдердікі 81,28 жасты құрады. 2023 жылы алғаш рет некеге тұрған ерлер мен әйелдердің орташа жасы ерлер үшін 28,2 жасты, әйелдер үшін 26,4 жасты құрады»,-делінген Ұлттық статистика ұсынған мәліметте.
Мамандар 2024 жылдың қаңтар-мамыр айларындағы туу коэффициенті 1000 адамға 19,50 болғанын мәлімдеді. Сонымен қатар елордада 100 жастан асқан 21 адам тұрады, оның ішінде 15 әйел мен 6 ер адам тіркелген.