Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысты. Бейресми саммитте Мемлекет басшысы Каспий және Арал теңіздеріндегі экологиялық мәселелерін бірігіп шешуге шақырды. Түркі мемлекеттерінің экономикасын дамыту бағытында бірнеше ұсыныс білдірді.
Тоқаев Каспий теңізінің экология мәселесі және Арал теңізінің құрғап, шөлге айналуы алаңдатарлық жағдай екенін айтады.
«Каспий теңізінің логистикалық әлеуетін арттыру маңызды дедік. Бірақ ондағы экология мәселелерін де назардан тыс қалдырмау қажет. Мысалы, өзекті түйткілдің бірі – теңіздің тартылуы. Оның қоршаған ортасын, флорасы мен фаунасын қорғау да – аса маңызды міндет. Каспийді құтқару үшін нақты шешімдерді пысықтау керек. Осы ретте, түркі елдері ғалымдарының ықпалдастығын жандандыратын кез келді. Сонымен қатар Арал теңізінің құрғап, шөлге айналуы – алаңдатарлық мәселе. Экологиялық апатқа ұшыраған аймақты оңалту керек. Бұған қоса, трансшекаралық өзендердің су қорын тиімді пайдалану қажет. Ол үшін су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану керек», – деді Президент.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ дүниежүзінде саяси және экономикалық өзгерістер болып жатқанын, соның салдарынан мызғымастай көрінген жаһандық қауіпсіздік жүйесі сыр бере бастағанын атап өтті.
Осыған орай Түркі мемлекеттері ұйымын одан әрі нығайту қажет екенін айтып, алдағы жұмыс пен оның басым бағыттары туралы пікірін ортаға салды. Бұл орайда Президент түркі ұйымы елдерімен, сондай-ақ басқа да мемлекеттермен сауда және тасымал көлемін арттыру қажет деп санайды.
«Бұл ретте Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуетін толық пайдаланған жөн. Бүгінде аталған бағыт бойынша контейнерлік тасымалдау көлемі күрт артты. Көрсеткіш өткен жылдағы кезеңмен салыстырғанда екі есе өскен. Біз тасымалдың уақытын азайту үшін «Digital Trade Corridor» мультимодалды цифрлық платформасын құрдық. Осы бағытта Әзербайжанмен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Қазіргі таңда екіжақты теміржол әкімшіліктерінің интеграциясы аяқталды. Осының арқасында былтыр орта дәлізбен жүк тасымалдау көлемі 65 пайызға көбейді, Яғни, 3 миллион тоннаға жуықтады. Ақтау портындағы хаб контейнерлік тасымалдау көлемін 300 мыңға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Порт Каспий жағалауындағы елдерге және Орталық Азия мемлекеттеріне қызмет көрсетеді», – деді Президент.
Жалпытүркі патент ұйымын құру ұсынылды
Қасым-Жомарт Тоқаев түркі мемлекеттерінің экономикасын дамыту мүмкіндіктеріне де тоқталды. Экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін қаржы саласындағы байланысты нығайта түсу керегін айта келе, түркі орталық банктерінің кеңесін құруды ұсынды.
«Мен, сондай-ақ, Жалпытүркі патент ұйымын құруды ұсынамын. Биыл Түркі инвестициялық қоры Басқарушылар кеңесінің ұлықтау рәсімі өтті. Оның қызметі экономика және қаржы-инвестиция саласын дамытуға оң әсер етеді деп сенемін», – деді Қазақстан Президенті.
Айта кетейік, 3-4 шілдеде Астанада ШЫҰ саммиті өтті. ШЫҰ саммитіне Қазақстан, Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь, Моңғолия, Әзербайжан, Қатар, БАӘ, Түркия және Түркіменстан мемлекеттері мен үкіметтерінің басшылары қатысты. Саммитке сонымен қатар БҰҰ Бас хатшысы және ТМД, ЭЫҰ, АӨСШК, ҰҚШҰ, ЕЭК және АҚИҰ сияқты халықаралық ұйымдардың басшылары шақырылған.