Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кейбір экономикалық құқық бұзушылықтарды қылмыссыздандыру және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңдарға қол қойды. Сондай-ақ елімізде алғаш рет адам саудасымен күрес туралы заң қабылданды.
Қазақстанда кейбір экономикалық құқық бұзушылықтар қылмыссыздандырылды
Мемлекет басшысы қол қойған бұл заңда терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнама жетілдірілді.
«ҚР кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық құқық бұзушылықтардың жекелеген түрлерін қылмыстық сипаттан арылту және ҚРзақстан Республикасының заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы“ Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды», — деп көрсетілген Ақорда жариялаған құжатта.
Тоқаев «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Заңына қол қойды
Мемлекет басшысы қол қойған тағы бір Заң «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы».
Президенттің 2023 жылғы 29 наурызда Парламент сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде адам саудасының құрбаны болған азаматтарды қорғау үшін арнайы заңды әзірлеу жөнінде тапсырма берген болатын. Алғаш рет қабылданып отырған бұл Заң адам саудасына қарсы іс-қимылдың ұйымдастырушылық-құқықтық негіздерін жан-жақты айқындайды.
Ақорданың ресми сайтына жарияланған мәтінде : «Заңда оның мақсаттары мен міндеттері, адам саудасына қарсы іс-қимыл қағидаттары бекітілген, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың және адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі өзге де субъектілердің құзыреті бекітілген», — деп жазылған.
Вандализм мен қоғамдық тәртіпті бұзғандарға жауапкершілік күшейеді
Президент «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне адам саудасына, вандализм көрінісіне және бөтеннің мүлкін бүлдіруге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға да қол қойды.
Бұл Заң да Президенттің тікелей тапсырмасен жүзеге асып отыр. Адам саудасына қарсы күресте, сондай-ақ вандализм мен қоғамдық тәртіпті бұзғандарға жауапкершілік күшейеді.
Атап айтқанда, Қылмыстық кодекске «адам саудасына байланысты қылмыстар» деген жаңа ұғым енгізілді. Ол адам ұрлау, адамды заңсыз бас бостандығынан айыру, адам саудасы, оның ішінде кәмелетке толмағандарды сату, жезөкшелікпен айналысуға итермелеу және басқа да қауіпті қылмыстық әрекеттерді қамтиды.
«Заңда мұндай қылмыстарды жасағаны үшін татуласу арқылы қылмыстық жауапкершіліктен босатуға тыйым салынады. Сонымен қатар адамның кәмелетке толмағанын біле тұра, жезөкшелік немесе сексуалдық сипаттағы қызметтерін пайдаланғаны үшін алғаш рет қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Заңда кәмелетке толмаған адамды сексуалдық сипаттағы қызмет көрсетуге, соның ішінде мұндай істі насихаттау немесе жарнамалау арқылы тарту фактілері қылмыс деп танылады», — деп жазылған құжатта.
Бұдан бөлек, Заңда алғаш рет вандализм қылмысының сараланған құрамдары айқындалды. Яғни әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік немесе діни араздық себебімен, бір топ адам немесе алдын ала сөз байласқан адамдар тобы жасаған, әсіресе, қараулықпен әдейі әрі бірнеше рет вандализм жасау жауапкершілікті ауырлататын мән-жайлардың қатарына жатқызылады.
Сонымен қатар бөтеннің мүлкін қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін жауапкершілік күшейтілді. Оны бір топ адам немесе бірнеше рет және қылмыстық топ болып жасағаны үшін жауапкершілік енгізілді. Дәл осындай қылмыстық жауапкершілік тарихи, мәдени ескерткіштерді, табиғи кешендерді немесе мемлекеттің қорғауына алынған объектілерді, сондай-ақ ерекше тарихи, ғылыми, көркемдік немесе мәдени құндылығы бар заттарды немесе құжаттарды қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін белгіленді. Осы тектес қылмыстарды жасағаны үшін бұдан былай қылмыстық жауапкершілікке 16 жастан емес, 14 жастан бастап тартылады.
Бұдан бөлек Мемлекет басшысы артық заңнамалық регламенттеуді болғызбауды көздейтін заңды және әкімшілік құқық бұзу туралы кодекске өзгеріс енгізілген заңды мақұлдап, қол қойды. Қабылданған заңдар қатарында өзгерістер енгізілген Конституциялық заң да бар.