Су тасқыны болған облыстардағы түлектер қаңтар мен наурыздағы тест нәтижелерімен грант конкурсына қатыса алады – ҰТО
Су тасқыны болған облыстарда негізгі ҰБТ-дан төмен балл жинаған түлектер қаңтар мен наурыздағы тест нәтижелерімен грант конкурсына қатыса алады. Ұлттық тестілеу орталығы Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы түлектердің ЖОО-ға түсуі үшін жеңілдіктер ұсынды.
«ҰБТ су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің (Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары) талапкерлері үшін маңызды ақпаратпен бөліскіміз келіп отыр: егер негізгі ҰБТ-дан төмен балл жинасаңыз, сіздің қаңтар немесе наурыз айларындағы ҰБТ-ның жоғары нәтижелерімен грант конкурсына қатысу мүмкіндігіңіз бар. Осылайша, қалауыңыз бойынша сіз ең үздік ҰБТ нәтижесімен грант конкурсына қатыса аласыз», – деп хабарлады Ұлттық тестілеу орталығы.
2024 жылы жалпы грант санының 20%-ы су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің талапкерлеріне бөлінеді. Алты облыста түлектер грант конкурсына құжаттарды 13-24 шілде күндері тапсырады.
Көктемде аталған облыстар үшін емтихан кезінде бірнеше рет жеңілдік ұсынылды. Төтенше жағдай режимі жарияланған 6 өңірде (Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары) тіркелу уақыты ұзартылды.
ҰБТ-2024-ке 6 мамырдан 14 мамырға дейін өтініш қабылданды. Биыл Ғылым және жоғары білім министрлігінің шешімімен барлық талапкерге негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсыруға мүмкіндік берілді.
Негізгі ҰБТ-ға қатысуға өтініш беріп үлгермеген талапкерлерге министрлік 22 мамырда сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін тіркелуге рұқсат етті.