Lifestyle

Қазақ тіліне аударылған Disney-дің «Ойжұмбақ – 2» мультфильмі 125 млн теңге касса жинады

Қазақ тілінде «Ойжұмбақ – 2» 125 млн теңге касса жинады / Мультфильмнен кадр

Қазақ тіліне аударылған америкалық Disney компаниясының «Ойжұмбақ – 2» мультфильмі 125 млн теңге касса жинады. Бұл туралы Disney компаниясының аймақтағы дистрибьюторы Meloman компаниясы хабарлады.

«Қазақстанда «Ойжұмбақ – 2» мультфильмі 125 млн теңге касса жинаған. Бұл – Қазақстанда қазақ тіліне аударылған анимациялық фильмдердің ішінде рекорд», – деп жазылған Meloman хабарламасында.

Орыс тіліндегі «Головоломка – 2» мультфильмінен Қазақстанда 1,35 млрд теңге түскен. Елімізде мультфильмді екі тілде 900 мыңнан аса адам тамашалаған.

Жалпы «Ойжұмбақ – 2» мультфильмі Орталық Азияда және Кавказда 4,5 млн доллар (2,08 млрд теңге) жинаған. Осылайша анимация аймақта тағы бір рекорд орнатты.

«Ойжұмбақ» мультфильмінің қазақша нұсқасы бастапқы қаралым бойынша үздік нәтиже көрсеткен еді. Мәдениет министрі Аида Балаева әлеуметтік желіде «Ойжұмбақтың» алғашқы күнгі қаралымы «Аватардан» үш есе асып түскенін хабарлады. Алғашқы прокат құны да рекордтық көрсеткішке жеткен. Касса 1 күнде 10 миллион теңге жинады.

Биыл қазақ тіліндегі дубляжды Disney компаниясы қолдаған. «Ойжұмбақ» кейіпкерлерін әнші Жұлдыз Төлепберген мен Ninety One тобының солистері Батырхан Мәлік пен Азамат Ашмақын қазақша «сөйлетті».  Екі жыл бұрын Pixar студиясы 13 жасар қыздың бой жетуі туралы «Бой жету» (Turning Red) мультфильмін түсірген еді. Енді студия көрермен назарына сол кинокартинаның жалғасы ретінде «Ойжұмбақ 2» мультфильмін ұсынған.